«Жастар» спорт кешенінде жылдың ең жарқын әрі ауқымды оқиғаларының бірі — «WELCOME TO BUKETOV» атты студенттік қатарға қабылдау салтанаты өтті! Мерекелік іс-шараға мыңдаған бірінші курс студенттері, оқытушылар мен қонақтар қатысты.
Биылғы мереке университет жетістіктерімен және ерекше жеңістерімен есте қалды:
Осыдан тура бір жыл бұрын, 12 тамызда университетке жоғары «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Университет алғаш рет беделді Times Higher Education халықаралық рейтингіне еніп, отандық жоғары оқу орындары арасында 7-орынға ие болды және әлемдегі үздік 2000 университеттің қатарына қосылды.
Биыл қара шаңырағымыздың студенттер қатары 15 мыңнан астам білім алушымен толықты. Бұл университеттің жастар арасындағы сұранысы мен беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Салтанатты жиынды Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор м.а. Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер бойынша проректор
Мадина Максимовна Умуркулова ашып, бірінші курс студенттерін өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады.
Атаулы мерекеде білім ордамыздың 12 факультетінен шыққан ең белсенді бірінші курс студенттері естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, бірінші курс студенттері арасында өткен спорттық жарыстардың қорытындысы шығарылды.
«Жігер-2026» сайысында дене мәдениеті және спорт факультеті мен тарих факультеті үздік нәтиже көрсетті.
Оған қоса, жоғары оқу орындары арасындағы облыстық чемпионатта жеңіске жеткен Бөкетов университетінің құрама командасы лайықты марапаттарға ие болды. Медальдар мен кубокты Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Әлімжанқызы Ерниязова табыстады.
Енді команда Астанада өтетін республикалық финалда облыс намысын қорғауға дайындалуда!
Салтанатты басқосу есте қаларлық концерттік бағдарлама және тосынсыйлармен жалғасты.
Сахнада «Жарқын» және «Сарын» халық ансамбльдері, «Ою» заманауи би студиясы, «Жастар» вокалдық студиясы және биыл халық театры атағын иеленген «Шаттық» театры өнер көрсетті.
Көрермендердің ерекше ықыласына жасанды интеллект технологиялары қолданылған интерактивті бейнежазба, бірінші курс студенттерінің дәстүрлі анты және кештің арнайы қонақтары — Baygaystan жобасының резиденттері, Aru Voice триосы, Baxa мен Koba-ның жарқын өнер көрсетуі ие болды.
Ерекше әсерге толы кеш университеттің «Бөкетов жастары» әнұранын орындаумен, жарқын конфетти-шоумен және мерекелік бикешімен қорытындыланды!
WELCOME TO BUKETOV! Жаңа белестер, жарқын мүмкіндіктер мен үлкен жеңістерге толы студенттік өмірге қош келдіңіздер!
Жаңалықтар
«WELCOME TO BUKETOV» - СТУДЕНТТІК ҚАТАРҒА ҚАБЫЛДАУ САЛТАНАТЫ
Buketov University