Жаңалықтар

МАМАНДЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ: УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «БОЛАШАҚ ТЕРГЕУШІЛЕР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЛЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ

МАМАНДЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ: УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «БОЛАШАҚ ТЕРГЕУШІЛЕР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЛЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ
Құқық қорғау жүйесінің болашағы — білімді, мақсатшыл әрі кәсіби даярлығы жоғары жас мамандардың қолында!
10 қазанда Астана қаласында өткен «БОЛАШАҚ ТЕРГЕУШІЛЕР» атты алғашқы республикалық форумға Қазақстанның барлық өңірінен заң факультеттерінің 300 студенті қатысып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде қызмет етуге шақырту алды.
Олардың қатарында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Заң факультетінің «6В04204 – Сот және прокурорлық қызмет» және «Құқықтану» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан бітіруші курс студенттері де бар.
Бұл — кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды қадам, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосуға берілген үлкен мүмкіндік.
Форум бағдарламасы мазмұнды әрі танымдық сипатта өтті. Болашақ мамандар қылмыстарды ашу барысында қолданылатын заманауи техника мен жабдықтармен танысты. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, «Арлан» арнайы техникасын, қару-жарақ үлгілері мен қорғаныс құралдарын көрді.
Сонымен қатар студенттер Жедел басқару орталығын, криминалистикалық зертханаларды және ІІМ музейін аралады. Кездесудің ерекше сәттерінің бірі — ведомство басшылығымен, қоғам қайраткерлерімен және танымал спортшылармен жүздесу болды. Олар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға құнды кеңестер берді.
Іріктеу барысында студенттердің академиялық үлгерімімен қатар қоғамдық өмірге белсенді қатысуы да ескерілді.
Алда түлектерді кәсіби іріктеу кезеңі, жаңа сынақтар және Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің бір бөлігі болу мүмкіндігі күтіп тұр.
«БОЛАШАҚ ТЕРГЕУШІЛЕР» алғашқы республикалық форумын жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама жас заңгерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Студенттерімізді осы маңызды жетістіктерімен құттықтаймыз! Өз күштеріне сенімді болып, іріктеуден сәтті өтіп, кәсіби жолдарында биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз!
Студенттерімізді мақтан тұтамыз! Заңға адал қызмет ету жолында толағай табыстар тілейміз!