Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті делегациясының Ташкентке сапары педагогикалық білім беру саласындағы кәсіби тәжірибе алмасу мен жас ғалымдардың зерттеулерін халықаралық ортада дамытуға бағытталған бірқатар іс-шараны қамтыды.
Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Дильноза Холмуродовамен, университет басшылығымен және педагогика факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өтті.
Кәсіби диалог барысында екі елдің педагогикалық білім беру жүйесі үшін өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, педагогтерді даярлаудың заманауи тәсілдері, инклюзивті білім беруді дамыту, болашақ мамандардың практикалық даярлығы, білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру тәжірибесіне енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Кәсіби диалог ғылыми-оқу орталығының қызметімен танысумен жалғасты. Біз үшін білім беру үдерісіне қатысушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу тәжірибесі мен қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыру тәсілдері ерекше қызығушылық тудырды. Бұл бағыт біздің зерттеу тобымыздың ғылыми ізденістерімен тікелей сабақтас.
Жас зерттеушілер үшін мұндай жұмыс аса маңызды. Ол бір ғана білім беру ортасының аясымен шектелмей, ұқсас мәселелердің басқа елде қалай шешілетінін зерделеуге, түрлі тәсілдерді салыстыруға, зерттеудің эмпирикалық базасын кеңейтуге және жекелеген зерттеу құралдарын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Сапардың келесі алаңы Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті болды. Мұнда жас зерттеушілеріміз халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады. Конференция тақырыбы бұған дейін басталған кәсіби диалогтың заңды жалғасына айналып, қолдаушы білім беру ортасы, тұлғалық ресурстар және білім беру үдерісіне қатысушылардың психологиялық әл-ауқаты мәселелерін қамтыды.
Біз үшін мұндай халықаралық ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасумен ғана шектелмейді. Бұл — зерттеліп отырған мәселелерге әртүрлі білім беру және әлеуметтік-мәдени орта тұрғысынан қарауға, екі елдің тәжірибесін салыстыруға және бірлескен ғылыми жұмыстың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік.
Жаңалықтар
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ – ШЕКАРАСЫЗ КЕҢІСТІК
Buketov University