Жаңалықтар

ПОЛЬШАДАҒЫ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ПОЛЬШАДАҒЫ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
2026 жылдың 19 қыркүйегінде Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде оқытушылардың Польшадағы Адам Мицкевич атындағы университетте өткен ғылыми тағылымдамасының қорытындысына арналған есептік кездесу өтті.
Ғылыми тағылымдама 2026 жылғы 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында Познань қаласында ұйымдастырылды.
🇰🇿 Қазақстанда ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру және зерттеушілерге қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды қолдауға, ғылыми мектептерді дамытуға және зерттеу жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді.
Кездесуге қатысқан Құрылтай депутаты Н.О. Дулатбеков ғылыми әлеуетті арттырудағы университеттердің рөліне тоқталып, ғылыми ортаға жүйелі қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
«Университеттер елдің ғылыми әлеуетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Сондықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасап, ғылыми мектептерді қолдау және ғалымдар сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды», – деді Н.О. Дулатбеков.
Тағылымдамаға физика-техникалық, химия және тарих факультеттері, шетел тілдері факультеті, сондай-ақ философия және психология факультетінен 10 оқытушы қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар Адам Мицкевич атындағы университеттің заманауи ғылыми және білім беру тәжірибелерімен танысып, бейінді құрылымдар мен зертханаларды аралады. Сонымен қатар ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысып, полялық әріптестермен жұмыс кездесулерін өткізді.
Тағылымдама барысындағы негізгі нәтижелер:
4 меморандумға қол қойылды.
Шетелдік профессормен жасалған келісімдер аясында физика-техникалық факультеттің 4 докторантына ғылыми кеңесші тарту жоспарланып отыр.
Зерттеудің заманауи әдістері меңгерілді.
Қатысушылар наноматериалдар, полимерлік жүйелер және функционалдық материалдарды зерттеуде спектроскопиялық және рентгенқұрылымдық талдау әдістерін қолдану бойынша тәжірибе жинақтады.
Ғылыми-зерттеу базасы кеңейді.
Познань мен Варшава қалаларында архивтік және историографиялық зерттеулер жүргізіліп, тарихи деректерді іздеу мен талдауға арналған архив қорлары және заманауи цифрлық ресурстар зерделенді.
Халықаралық кәсіби тәжірибе жинақталды.
Оқытушылар психология, тіл білімі, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары салаларындағы заманауи зерттеу тәсілдерімен танысты. Оның ішінде цифрлық психологиялық әл-ауқат пен адам мен жасанды интеллекттің өзара әрекеттестігіне қатысты зерттеулер қарастырылды.
Жаңа ғылыми байланыстар орнатылды.
Адам Мицкевич атындағы университеттің зерттеушілерімен кәсіби байланыстар қалыптастырылып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық жарияланымдар әзірлеу, академиялық ұтқырлықты дамыту және Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктері талқыланды.
Тағылымдама барысында алынған білім мен тәжірибе, қол жеткізілген келісімдер университет оқытушыларының алдағы ғылыми-зерттеу және білім беру қызметінде қолданылатын болады.
Ғылыми тағылымдама Бөкетов ұлттық зерттеу университеті мен Адам Мицкевич атындағы университет арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Жоба бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және халықаралық әріптестікті одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.