Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің екінші оқу ғимаратында жаңартылған үш лекциялық аудиторияның ашылу рәсімі өтті.
Білім ордасының тарихында өзіндік із қалдырған көрнекті ғалымдардың есімін иеленген жаңа аудиториялардың ашылуына Ұлттық құрылтай депутаты Н. О. Дулатбеков, Басқарма мүшелері, факультет декандары, профессор-оқытушылық құрам мен университет қызметкерлері қатысты.
№7 лекциялық аудиторияға Төленді Ғарифұлы Мұстафиннің есімі берілді.
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, әлемге танылған математик Төленді Ғарифұлы Мұстафин математикалық логика мен модельдер теориясының дамуына іргелі үлес қосты. Ғалым ұзақ жылдар бойы Қарағанды мемлекеттік университетінде еңбек етіп, ҚР ҰҒА Қолданбалы математика институтын басқарды. Өңірде өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, математика саласының өркендеуіне жол ашты.
№8 лекциялық аудитория Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаевтың есімімен аталады.
Ғылымды ұйымдастыруға және жоғары білімді дамытуға айрықша еңбек сіңірген Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев 1991–2004 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетін басқарды. Оның басшылығы тұсында оқу ордасында білім беру жүйесі жаңарып, жаңа бағыттар қалыптасты. Университеттің халықаралық байланыстары кеңейіп, ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орны нығая түсті.
№9 лекциялық аудитория Қаппас Құсайынұлы Құсайыновтың есімін иеленді.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Қаппас Құсайынұлы Құсайынов университетке 25 жылдан астам уақытын арнады. Ұстаздық қызметтен кафедра меңгерушілігіне дейінгі жолдан өтіп, 2003 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Физика институтының тұңғыш директоры болды. Ғалым ғылыми ізденістерді өндіріс қажеттілігімен ұштастырып, өнеркәсіпке бағытталған инновациялық әзірлемелердің дамуына үлес қосты.
Салтанатты жиында бұл бастаманың мәні де айрықша атап өтілді. Жаңарған аудиторияларға ғалымдардың есімін беру — оқу ғимаратын жаңғыртумен қатар, университет тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың еңбегін ұлықтап, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізетін тағылымды қадам.
Ұлттық құрылтай депутаты Н. О. Дулатбеков университеттің бүгінгі даму қарқынына тоқталып, білім ордасында қалыптасқан ғылыми дәстүр мен жас буынның әлеуетіне назар аударды.
«Біздің альма-матеріміз қарқынды дамып келеді. Университетте орасан зор ғылыми әлеует қалыптасты, мықты академиялық дәстүр орнықты, талантты жастар өсіп келеді. Алда оқу ордасын талай жарқын жеңіс пен ғылыми жаңалық күтіп тұрғанына сенімдімін», — деді Н. О. Дулатбеков.
Университеттің Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы М.М Умуркулованың айтуынша, биыл оқу инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасады. Осы аяда университеттің барлық факультетіндегі, соның ішінде тарих және биология-география факультеттеріндегі лекциялық аудиторияларды жөндеу жұмыстары аяқталады.
Жаңартылған, жарық әрі заманауи құралдармен жабдықталған аудиториялар студенттерге сапалы білім алып, ғылыми ізденіспен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа оқу кеңістігіне айналмақ.
Жаңалықтар
ЖАҢАРТЫЛҒАН ДӘРІС АУДИТОРИЯЛАРЫ АШЫЛДЫ
Buketov University