15 қыркүйекте Қытайдың Хэйлунцзян провинциясындағы Солтүстік-Шығыс мұнай университетінде технологиялық жаңғыру, жасыл энергетика және көміртек бейтараптығына қол жеткізу мәселелеріне арналған 2026 жылғы халықаралық симпозиум өтті.
Жиын аясындағы маңызды оқиғаның бірі – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Энергетика саласы, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу ұйымдарының халықаралық альянсын құру рәсімі болды.
Халықаралық басқосуға Бөкетов ұлттық зерттеу университеті атынан Заң факультетінің деканы Г.М. Рысмағамбетова қатысып, университетіміздің Альянс мүшесі екендігін растайтын ресми сертификатты қабылдады.
Жаңа халықаралық бірлестікке Қытайдың энергетика бағытындағы 23 жетекші жоғары оқу орны, «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы 11 елден 12 университет, сондай-ақ энергетика саласындағы 7 ірі халықаралық компания енді. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Ресей, Аустрия, Испания, Түркия, Қырғызстан және өзге де мемлекеттер бар.
Альянстың құрылуы – ғылым мен білімді өндіріс сұранысымен ұштастырып, энергетиканың жаңа бағыттарын бірлесе дамытуға жол ашатын маңызды қадам. Халықаралық әріптестік аясында:
ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайту;
жасыл энергетика мен көміртек бейтараптығына бағытталған бастамаларды қолдау;
ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру;
халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды кеңейту көзделеді.
Халықаралық сапар аясында Г.М. Рысмағамбетова Солтүстік-Шығыс мұнай университетінің студенттеріне арнап бірқатар тақырыптық дәріс те оқыды. Кездесулер барысында құқық саласының өзекті мәселелері талқыланып, студенттер заманауи заң тәжірибесіне қатысты білімдерін толықтырды.
Бүгінде жоғары білім мен ғылымның өрісі ұлттық шеңбермен шектелмейді. Әлемдік тәжірибені тоғыстырып, ортақ ғылыми ізденістерге жол ашу – білім ордасының халықаралық әлеуетін арттыратын маңызды бағыт.
Халықаралық әріптестіктің жаңа белесі құтты болсын! Алдағы бірлескен бастамалар ғылым мен білімнің дамуына тың серпін беріп, ортақ мақсаттарға негізделген нәтижелі жобалардың жүзеге асуына жол ашсын!
Жаңалықтар
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛЬЯНСҚА ҚОСЫЛДЫ
Buketov University