14 қыркүйек күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетіне Словакия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Любомир Регак арнайы сапармен келді.
Елші университет басшылығымен кездесіп, білім мен ғылым саласындағы екіжақты байланыстың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
Кездесуге Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы М.М.Умуркулова, Басқарма мүшесі, стратегиялық даму жөніндегі проректор Е.Ж. Сармурзин және Ректор аппаратының басшысы Г.М. Байғожина қатысты.
Кездесуде университет пен Словакия Республикасының Елшілігі арасындағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыру, өзара әріптестіктің аясын кеңейту және бірлескен білім беру мен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Словакияның жоғары оқу орындарымен қалыптасқан академиялық байланыстары бар. Қазіргі таңда Нитрадағы Константин Философ университеті, Панъевропалық университет, Әулие Кирилл мен Мефодий университеті, Братислава экономика және бизнес университетімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған.
Әріптестік бағытында Матеj Бел университетімен байланысқа да айрықша мән беріліп отыр. Биыл маусым айында Бөкетов университетінің делегациясы Банска-Бистрица қаласында өткен Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өлкесі компаниялары мен кәсіпорындарының бизнес-форумына қатысты. Ал 23 маусымда екі университет арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар университет Зволен техникалық университетімен серіктестік орнату бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Кездесуде словак ғалымдары мен мамандарын қонақ дәріскер ретінде шақыру, магистранттарға ғылыми жетекшілік ету, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асырудың мүмкіндіктері қарастырылды.
🇰🇿🇸🇰 Тараптар Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігімен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Банска-Бистрица өлкесінің өкілдерімен білім, ғылым және өзге де бағыттардағы байланысты кеңейтуге баса назар аударды.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ықыласқа негізделген әріптестікті одан әрі тереңдетуге, академиялық байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.
Жүздесу өзара құрмет пен іскерлік ынтымақтастыққа негізделген жылы жүздесуге ұласты. Сапар соңында тараптар естелік сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті.
Жаңалықтар
СЛОВАКИЯ ЕЛШІСІ БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНЕ КЕЛДІ
Buketov University