Университет тарихы — оның білім мен ғылымдағы жетістіктерімен ғана емес, талай буынның өнерін шыңдап, шығармашылығына жол ашқан мәдени ордаларымен де құнды. Осындай тағылымды тарихы бар орынның бірі — Студенттер сарайы.
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде «Мәдени-тынығу жұмысы» білім беру бағдарламасының студенттері педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Жастық шақтың мекені» атты тарихи-деректі очерктің авторы Кира Георгиевна Гаркушамен кездесті. Басқосуда Студенттер сарайының қалыптасу тарихы, шығармашылық ұжымдардың шежіресі мен сахна төрінде өткен айтулы оқиғалар кеңінен сөз болды.
Кира Георгиевна сарайдың іргесін қалауға негіз болған алғашқы бастамалардан бастап, оның бой көтеруі мен жылдар өте келе университеттің мәдени өміріндегі орнының нығаюына дейінгі жолды баяндады. Сондай-ақ әр жылдары өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдар, олардың жетістіктері, университет сахнасында өнер көрсеткен белгілі қонақтар мен ел жадында қалған мәдени шаралар туралы деректермен бөлісті.
Университеттің шығармашылық өмірі сан алуан өнер саласын тоғыстырған. Ән өнері, халықтық және заманауи би, фольклорлық мұра, театр және әзіл-сықақ бағыттары — Студенттер сарайының тынысын танытатын, талай жастың талабын ұштаған өнер арналары.
Кездесу барысында университеттің студенттік хор дәстүрін қайта жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
«Университет тарихында түрлі шығармашылық ұжымдар болды. Солардың ішінде студенттік хордың орны айрықша еді. Ол ән өнеріне ықыласы бар, талантты жастардың басын қосып, сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, уақыт өте бұл дәстүр үзіліп қалды. Биыл студенттік хорды қайта жасақтау туралы шешім қабылданды. Бұл – жаңа шығармашылық ұжым құрумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, университеттің төл дәстүрінің бірін қайта жаңғыртып, оны кейінгі буынға аманаттау және хор өнерін университеттің шығармашылық өміріне қайта оралту», – деді Кира Георгиевна.
Кездесу студенттерге Студенттер сарайының өткенін танытып қана қоймай, оның бүгінгі келбетін қалыптастыруға үлес қосқан жандардың еңбегін тереңірек ұғынуға жол ашты. Әсіресе, болашақ мәдениет ұйымдастырушылары үшін мұндай тағылымды әңгімелердің мәні зор. Өйткені мәдени орта өздігінен қалыптаспайды: оның артында ізденіс, табандылық, шығармашылық бастама және ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын дәстүр тұрады.
Жаңалықтар
СТУДЕНТТЕР САРАЙЫНЫҢ СЫРҒА ТОЛЫ ШЕЖІРЕСІ
Buketov University