Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев Экономика факультетінің студенттерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде дәріс өткізді.
Дәрістің негізгі тақырыбы – Қарағанды облысының өнеркәсіптік қуаты, инвестициялық тартымдылығы, өндірістік әлеуеті және экономиканы әртараптандыру бағыттары.
Облыс әкімі өңірдің республика экономикасындағы орнын айқындайтын негізгі көрсеткіштерге тоқталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,2 трлн теңгені құрап, Қарағанды облысы республикада екінші орынға тұрақтаған. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,7 трлн теңгеге жетіп, елімізде көш бастаған. Өңірдің жалпы ішкі өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 47,4 пайызды құрайды.
Кездесу барысында аймақ экономикасының бес негізгі бағыты жеке қарастырылды. Атап айтқанда, тау-кен өндірісі, қара және түсті металлургия, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен инфрақұрылым, сауда, көлік және қызмет көрсету салаларының даму барысы таныстырылды.
Сондай-ақ машина жасау өндірісін кеңейту, фармацевтика мен тамақ өнеркәсібін дамыту, металлургия саласындағы өндірістік байланыстарды нығайту мәселелеріне назар аударылды. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері мен жаңа жобалардың экономикалық тиімділігі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Ермағанбет Қабдулаұлы инфрақұрылымдық жобалардың аймақ экономикасына ықпалын да тарқатып айтты. Өнеркәсіптік құрылыс, жол және инженерлік желілер, энергетика мен әлеуметтік нысандарды дамыту жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарының ашылуына және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің артуына жол ашады.
Дәріс соңында студенттер облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Ашық пікір алмасу барысында жастарды өңірдің экономикалық келешегі, инвестициялық жобалар, өндіріс саласындағы мамандарға сұраныс және жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктері қызықтырды.
Жиын студенттерге Қарағанды облысының экономикалық құрылымын тереңірек түсініп, болашақ кәсіби қызметіне қажетті тәжірибелік мағлұмат алуға мүмкіндік берді.
Жаңалықтар
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ: ОБЛЫС ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ
Buketov University