Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕР ҮЙІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН!

СТУДЕНТТЕР ҮЙІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН!
Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков 2026–2027 оқу жылына студенттерді Студенттер үйлеріне орналастыруға дайындық барысын тексерді.
Оқу ордасының құрамындағы 7 Студенттер үйі 2676 орынға шақталған. Ректор студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесімен және бөлмелердің тұрмыстық жағдайымен танысты.
Мұнда студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған Жастар орталығы жұмыс істейді. Олардың шығармашылық, қоғамдық және мәдени бастамаларын жүзеге асыруға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар студенттердің денсаулығын бақылау және медициналық көмек көрсету үшін Студенттік емхана қызмет көрсетеді.
26–31 тамыз аралығында білім алушыларды Студенттер үйлеріне орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Студенттер қоныстанар алдында толық медициналық тексерістен өтеді.
Өткен оқу жылында Студенттер үйлерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 80 тоңазытқыш пен 50 су жылытқыш сатып алынды. Сонымен қатар барлық Студенттер үйлеріндегі өртке қарсы дабыл жүйесі жаңартылды. Барлық Студенттер үйі қалалық жылыту жүйесіне қосылды.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті студенттерді жаңа оқу жылында Студенттер үйлеріне қабылдауға толық дайын!
Қауіпсіздік, жайлылық және қолайлы орта – студенттер үшін басты басымдық!