Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Ұлыбританияның Эксетер университетімен бірлесіп, Қазақстан даласындағы ежелгі жылқы шаруашылығы мен халықтың қоныс аудару тарихын зерттеуді жалғастыруда.
23–24 қыркүйекте Сарыарқа археологиялық институтына археозоолог, профессор Алан Аутрам (Alan Outram) келді. Ғалым Орталық Азияда жылқыны қолға үйрету тарихын және дала тұрғындарының мал шаруашылығын зерттеумен айналысады.
Кездесу барысында ғалымдар алдағы бірлескен зерттеулердің бағыттарын талқылап, археологиялық материалдарды зерттеу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар қола дәуіріне жататын Кент қонысы мен Новоильиновский-2 қорымынан табылған жануарлардың сүйектері мен тістері зертханалық талдау үшін іріктелді.
Зерттеу жұмыстары мал шаруашылығының қалыптасу тарихын, адам мен жылқы арасындағы байланысты және ежелгі дала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін зерделеуге арналған халықаралық Pastoralists Lost жобасы аясында жүргізілуде. Зерттеу барысында изотоптық талдау, геномдық және протеомдық зерттеулер сияқты заманауи ғылыми әдістер қолданылады.
Зерттеу нәтижелері ғалымдарға кейінгі қола дәуірінде Орталық Қазақстанды мекендеген адамдардың жылқы мен ірі қараны қалай өсіргенін, қалай пайдаланғанын және малдың қозғалыс ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алынған деректер ежелгі Еуразия тұрғындарының шаруашылығы мен мәдениетіндегі өзгерістерді зерделеуге жол ашады.
Халықаралық ғылыми әріптестік Қазақстанның археологиялық мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Отандық археологиялық қорлар мен әлемдік ғылымның озық зерттеу әдістерін ұштастыру ежелгі дала тарихын тереңірек зерделеуге негіз болады.
Жаңалықтар
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ЕЖЕЛГІ ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ
Buketov University