Жаңалықтар

ДӘСТҮР, БІРЛІК, ҰЛТТЫҚ РУХ!

ДӘСТҮР, БІРЛІК, ҰЛТТЫҚ РУХ!
12 тамыз күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің алаңында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүр мен бірлікті арқау еткен этно-тимбилдинг өтті.
Бұл күннің университет үшін мәні зор.
Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен университетімізге ұлттық мәртебесі берілді.
Ұлттық мәртебе — ең алдымен, үлкен сенім.
Ол білім мен ғылымның сапасын арттырумен қатар, ел ертеңін қалыптастыратын білімді ұрпақ тәрбиелеуді, ұлттық құндылықтарды заман талабымен сабақтастыра білуді талап етеді.
Осы мәнді күнді университет ұжымы ұлттық дәстүрмен сабақтастыра атап өтті.
Кеште ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүрге қатысты танымдық шаралар ұйымдастырылды. Командалық сайыстарда қатысушылар өзара жарысып, бір-біріне демеу болып, ұйымшылдықтың, татулықтың мәнін көрсетті.
Мерекелік кештің шырайын Қазақстан эстрадасының белгілі өкілі, композитор әрі музыкалық продюсер Ұлықпан Жолдасовтың өнері аша түсті. Университеттің шығармашылық ұжымдары мен арнайы шақырылған өнерпаздар әуелете ән шырқап, кештің сәнін келтірді.
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ұлттық мәртебесіне — бір жыл!
Алда білім мен ғылымдағы жаңа белестер, батыл бастамалар, ел игілігіне бағытталған ауқымды істер мен толағай жетістіктер күтіп тұр. Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің биік мақсаттары жаңа жеңістерге бастай берсін!