Жаңалықтар

ЕЖЕЛГІ ҚОРЫМНЫҢ ҚҰПИЯСЫ: ТАСМОЛА МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР

ЕЖЕЛГІ ҚОРЫМНЫҢ ҚҰПИЯСЫ: ТАСМОЛА МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР
Орталық Қазақстандағы ежелгі халықтың материалдық мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы жаңа мәліметтер Кетабан қорымындағы № 2 жерлеу құрылысынан табылған ерте темір дәуірінің жерлеу орнын зерттеу нәтижесінде алынды.
Қорым тоналғанына қарамастан, археологтар бірқатар құнды жәдігерлерді анықтады. Олардың қатарында қола қанжар, әртүрлі типтегі жебе ұштары, жіңішке ланцет тәрізді бұйым, тас қайрақ және мүйізден жасалған қаптаманың сынығы бар.
Археологиялық материалдарды талдау жерлеу орнын тасмола мәдениетіне жатқызуға және б.з.д. VII/VI–IV ғасырларға мерзімдеуге мүмкіндік берді. Жебе ұштарының скиф-сақ мәдениеттері шеңберіне жататын өзге ескерткіштерден табылған бұйымдарға ұқсастығы ежелгі қауымдар арасындағы мәдени байланыстар туралы түсінікті кеңейтеді.
Қола қанжарды зерттеу ерекше қызығушылық тудырады. Рентгендік-флуоресценттік талдау нәтижелері оның сабының жекелеген бөліктері, атап айтқанда, көлденең тіреуі мен жоғарғы бөлігі жеке-жеке жасалған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеудің тағы бір маңызды бағыты — дәстүрлі түрде пышақ ретінде түсіндіріліп келген жіңішке ланцет тәрізді бұйымдарды зерделеу. Олардың пішінін, бекітілу тәсілдерін және археологиялық контекстін салыстыру нәтижесінде кейбір бұйымдар ұстара ретінде қолданылған болуы мүмкін деген болжам жасалды. Ал трасологиялық талдау тас қайрақтың тұрмыста пайдаланылғанын растады.
Зерттеу нәтижелері ерте темір дәуіріндегі жерлеу орындарынан табылған бұйымдар кешені, ежелгі қолөнер технологияларының ерекшеліктері мен өңір халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі туралы ғылыми түсініктерді толықтыра түседі.
Ғылыми мақала:
Кукушкин А.И., Дмитриев Е.А., Блинов И.А. «Орталық Қазақстандағы Кетабан қорымынан табылған ерте темір дәуірінің жерлеу орны» // Қазақстан археологиясы. 2026. № 3 (33). 356–373-бб. (Q2, CiteScore 2025: 1,1).
Мақаланың толық нұсқасы: https://www.archeokz.com/index.php/archeokz/article/view/782/563