Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Foundation даярлық бөлімінің тыңдаушыларымен кездесу өтті.
Кездесуге университеттің Басқарма Төрағасы – ректордың м.а. М.М. Умуркулова, Үздіксіз білім беру институтының директоры Ғ.Б. Саржанова, институт оқытушылары сондай-ақ психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысты.
Жиында университет өкілдері тыңдаушылардың жаңа ортаға бейімделуі, білім алу барысындағы қолдау мүмкіндіктері және университет өміріне белсенді араласуы жөнінде әңгімелесті.
Жыл өткен сайын Foundation бағдарламасына қатысушылардың саны ғана емес, олардың қатарын толықтыратын елдердің де географиясы кеңейіп келеді. Биыл дайындық курсында 180 тыңдаушы білім алуда. Олардың 85-і білім гранты негізінде оқып жатыр. Тыңдаушылар Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ауғанстан, Мысыр және Сауд Арабиясынан келген.
Әлемнің әртүрлі елдерінен келген жастардың бір білім ордасында бас қосуы университеттегі халықаралық ортаның нығайып келе жатқанын көрсетеді. Түрлі мәдениет пен дәстүрді танытатын жастар бір ортада білім алып, өзара тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.
Foundation бағдарламасындағы оқу үдерісі 1 қазанда басталды. Жаңа елге келу, жаңа ортаға бейімделу, жаңа ұжыммен танысу – әсіресе туған елінен алғаш рет жыраққа шыққан жастар үшін маңызды кезең. Сондықтан тыңдаушылардың алғашқы күннен бастап университет тарапынан қажетті қолдауды сезінуі – оқу үдерісінің маңызды бөлігі.
Психологиялық қолдау орталығының маманы Әсел Мейрамқызы тыңдаушыларға орталықтың қызметі мен жұмыс бағыттары туралы айтып, қандай жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуге болатынын түсіндірді. Сонымен қатар тыңдаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қажетті ақпарат алды.
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің даярлық бөлімі 30 жылға жуық уақыттан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуге ниетті жастарды білім алуға дайындап келеді. Бүгінде бұл дәстүрді әлемнің әр түкпірінен келген жаңа буын тыңдаушылары жалғастырып отыр.
Foundation – тыңдаушылар үшін жаңа ортаға бейімделіп, білім жолына нық қадам басуға және университет өміріне етене араласуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Жаңалықтар
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ FOUNDATION БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТЫҢДАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Buketov University