Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Орталық Қазақстандағы ерте ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу мақсатында АР2619943 ғылыми жобасы аясында Сарыарқа археология институтының мамандары Тоқырауын өзенінің орта ағысында археологиялық барлау жұмыстарын жалғастырды.
Зерттеу барысында ғалымдар ерте ортағасырлық адамдардың діни наным-сенімдері, жерлеу және еске алу дәстүрлеріне қатысты ескерткіштерді іздестіріп, зерттеді.
Археологиялық барлау кезінде қимақ-қыпшақ дәуіріне жататын 7 қасиетті орын анықталды.
Олардың құрылысы бір-біріне ұқсас. Әдетте олар таспен үйілген шағын оба тәрізді болып келеді. Әрбір құрылыстың шығыс жағында 3–4 адам бейнесіндегі тас мүсін орналасқан.
Бұл тас мүсіндердің сыртқы бейнесінде ортақ белгілер бар. Мысалы, қастары доға тәрізді біріктіріліп жасалған, мұрындары төртбұрышты немесе жалпақтау етіп көрсетілген. Көздері мен ауыздары тасқа ойып түсірілген.
Кейбір мүсіндердің қолында ыдыс бейнеленген. Ал кейбір мүсіндерден ер адамға немесе әйел адамға тән дене белгілері анық байқалады.
Бұл ескерткіштер Орталық Қазақстанда өмір сүрген ерте ортағасырлық халықтардың діни түсініктері, салт-дәстүрлері және тас мүсін жасау өнері туралы маңызды ақпарат береді.
Зерттелген қасиетті орындардың орналасуы мен олардағы тас мүсіндердің ерекшеліктері бұл дәстүрлердің түркі дәуірінен кейін де жалғасқанын көрсетеді.
Яғни бұрыннан қалыптасқан діни және еске алу рәсімдері қимақ пен қыпшақтар өмір сүрген кезеңде де сақталған және өзгеріп отырған.
Алдын ала археологиялық зерттеулерге сүйенсек, бұл ескерткіштер X ғасырдың бірінші жартысы мен XIV ғасырдың ортасы аралығына жатады.
Жаңалықтар
ЕРТЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАСИЕТТІ МЕКЕНДЕР
Buketov University