Кафедра туралы
Шетел филологиясы кафедрасы туралы толық ақпарат
Тарихы:
Шетел филологиясы кафедрасының тарихы Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының құрамында бастау алады. 2018 жылы ол Шетел тілдері факультетінің дербес құрылымдық бөлімшесі болып бөлініп шықты.
«Шетел филологиясы» мамандығы (ағылшын және неміс филологиясы) бойынша студенттердің алғашқы қабылдауы 1999 жылы, ал «Шетел филологиясы» мамандығы (қытай филологиясы) бойынша 2012 жылы жүзеге асырылды. 2006 жылдан бастап шетел филологиясы бойынша магистрлер даярлау қолға алынды. Әр жылдары кафедраны педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Н. Цай, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.И. Исина, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ф.А. Какжанова және PhD, қауымдастырылған профессор А.К. Китибаева басқарды. Олардың қызметі кафедраның білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерін және халықаралық байланыстарын дамытуға ықпал етті.
Бүгінде кафедра тіл, әдебиет және мәдениетаралық коммуникация салаларында жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған заманауи білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Филологтарды даярлауға қойылатын еңбек нарығының қазіргі талаптарын ескере отырып, оқу жоспарлары үнемі жаңартылып отырады және теориялық әрі практикалық бағыттағы пәндерді қамтиды.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап кафедра Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетімен (Өзбекстан) бірлесіп, 7М02301 «Шетел филологиясы» магистрлік білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды оқытуды жүзеге асырып келеді. Бұл білім алушыларға халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауға және ғылыми зерттеулер жүргізуге бірегей мүмкіндіктер ашады.
Кафедраның білім беру бағдарламалары Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (IQAA) тарапынан аккредиттелген және дәстүрлі түрде БСҚТА мен ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұлттық рейтингтерінде жоғары орындарға ие болып келеді.
Кафедраны дамытудың маңызды бағыттарының бірі — Шихэцзы университетімен (ҚХР), Аньшань педагогикалық университетімен (ҚХР), Шэньян педагогикалық университетімен (ҚХР), Новосібір мемлекеттік педагогикалық университетімен (Ресей), Томск мемлекеттік педагогикалық университетімен (Ресей), Адам Мицкевич атындағы университетпен (Польша) және Бабеш-Боляй университетімен (Румыния) ынтымақтастық орнату болды. Серіктестік байланыстар студенттер мен магистранттарға академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында шетелде білім алуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл олардың кәсіби және тілдік дағдыларын дамытуға, жаңа мәдени және білім беру стандарттарына бейімделуіне, сондай-ақ халықаралық деңгейде кәсіби байланыстарын кеңейтуіне ықпал етеді.
Шетел филологиясы кафедрасы жоғары кәсіби біліктілігімен, көпжылдық тәжірибесімен және халықаралық практикасымен ерекшеленетін тәжірибелі оқытушылар мен зерттеушілерді біріктіреді. Кафедра оқытушылары Қазақстанда ғана емес, шетелде де жұмыс тәжірибесіне ие. Олардың көпшілігі шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтіп, оқыту мен ғылыми зерттеудің озық әдістерімен алмасқан. Кафедра құрамында беделді марапаттар мен стипендиялардың иегерлері бар: филология ғылымдарының докторы, профессор Г.И. Исина — «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері; филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ф.А. Какжанова — «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері; «Болашақ» стипендиялық бағдарламасының түлегі А.М. Омарова — Гонконг баптист университетінің (Hong Kong Baptist University) Translation Studies докторантура бағдарламасы бойынша білім беру грантының иегері.
Кафедра кәсіби коммуникацияда қолданылатын тілге когнитивтік және функционалдық-прагматикалық талдау жүргізу бағытындағы ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып келеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Г.И. Исина, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.И. Букетова, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ф.А. Какжанова және PhD А.Қ. Жұманның жетекшілігімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми жобалар, сондай-ақ университетішілік гранттық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл зерттеулер заманауи әдістемелерді енгізуге және лингвистика мен әдебиеттанудың жаңа бағыттарын дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, кафедра білім алушылар мен оқытушыларға мамандықтың өзекті бағыттары бойынша әлемнің әртүрлі елдерінен шақырылған профессорлардың дәрістерін, тренингтерін ұйымдастырады. Кафедра оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты түрде өтеді. Мұндай кәсіби орта оқытудың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, студенттердің кәсіби және ғылыми-зерттеу дағдыларын халықаралық талаптарға сай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Белсенді ғылыми және тәрбие жұмыстарының нәтижесінде кафедра студенттері академиялық ынтымақтастық аясында ұйымдастырылатын халықаралық жобаларға, ғылыми жұмыстар конкурстары мен олимпиадаларға табысты қатысып келеді. Бұл іс-шаралар академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен И.Я. Яковлев атындағы Чуваш мемлекеттік педагогикалық университеті (Чебоксары қ., Ресей), Новосібір мемлекеттік педагогикалық университеті (Новосібір қ., Ресей) және Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институты (Самарқанд қ., Өзбекстан) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде өткізіледі. Мұндай тәжірибе студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларды академиялық, білім беру және кәсіби салаларда табысты мансап құруға дайындайды.
Бүгінде Шетел филологиясы кафедрасы білім беру бағдарламаларын дамытуды, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды және ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтуді жалғастырып келеді. Кафедраның негізгі басымдықтары — ағылшын және қытай филологиясы салаларында сапалы мамандар даярлау, студенттердің зерттеушілік құзыреттерін дамыту және халықаралық академиялық кеңістікке интеграциялану.
Buketov University