Жаңалықтар

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ НҰРЛАН ОРЫНБАСАРҰЛЫ ДУЛАТБЕКОВТІ КАНДИДАТТАР ТІЗІМІНЕ ҰСЫНДЫ

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ НҰРЛАН ОРЫНБАСАРҰЛЫ ДУЛАТБЕКОВТІ КАНДИДАТТАР ТІЗІМІНЕ ҰСЫНДЫ
Бүгін Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі өз жұмысын бастады.
Съезд барысында алдағы сайлауға ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі жарияланып, оған Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков енгізілді.
Нұрлан Орынбасарұлы бұл шешімді өзіне артылған үлкен сенімнің белгісі әрі зор жауапкершілік деп қабылдайтынын айтты.
«Менің бүкіл кәсіби өмірім заң және білім салаларымен тығыз байланысты. Өйткені құқық үстемдігі мен білім – қуатты да әділетті мемлекет құрудың басты тірегі деп есептеймін. Мен үшін ғылым мен білім саласының мүддесін мемлекеттік деңгейде таныту, академиялық қауымдастық пен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайту аса маңызды. Маған сенім білдірген «Әділет» партиясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі еліміздің келешегі жолындағы қызметімнің жаңа әрі маңызды белесі».
Университет ұжымы Нұрлан Орынбасарұлына жүктелген жауапты міндетте табыс тілейді. Ел мүддесі жолындағы абыройлы қызметіңіз жемісті болып, ұлттық ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосар үлесіңіз еселене берсін!