23 қыркүйек күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетіне Қытай Халық Республикасындағы Шихэцзы университетінің Спорт институтынан делегация келді.
Кездесу барысында тараптар дене мәдениеті мен спорт саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Университеттің Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Е.Ж. Сармурзин оқу ордамыздың материалдық базасы, білім беру мүмкіндіктері, сондай-ақ ұлттық мәртебесінің беретін артықшылықтары мен жаңа мүмкіндіктері туралы баяндады.
Шихэцзы университетінің Спорт институты 2001 жылы құрылған. Ол Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында дене мәдениеті мен спорт саласына мамандар даярлайтын маңызды оқу орындарының бірі саналады. Институтта дене тәрбиесі және спорттық даярлық бағыттары бойынша бакалавриат, сондай-ақ дене мәдениеті мен спорт саласындағы магистратура бағдарламалары жүзеге асырылады. Оқу орнында білікті профессор-оқытушылық құрамы қалыптасып, заманауи оқу-жаттығу базасы жасақталған.
Кездесу барысында екі университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін ұштастыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық байланыстарын кеңейту, тәжірибе алмасу және дене мәдениеті мен спорт бағытында бірлескен жұмыстар жүргізу мүмкіндіктері сөз болды.
Жүздесу соңында екі тарап өзара естелік сыйлықтар табыстап, әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Екіжақты келісім алдағы уақытта университеттер арасындағы академиялық және кәсіби байланысты кеңейтіп, дене мәдениеті мен спорт саласында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
ШИХЭЦЗЫ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Buketov University