Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университеті мен Қарағанды облысының Полиция департаменті арасындағы өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды.
Екі тарап жаңартылған Меморандумға қол қойып, университет қабырғасында Студенттік клубтың ресми ашылуын өткізді.
Құқық қорғау органдарына білікті кадр даярлау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Әсіресе болашақ тергеушілер үшін бұл бағыттың жүгі ауыр. Өйткені тергеушіге терең құқықтық біліммен қатар, сарабдал ойлау, дерекке мұқият қарау, принципшілдік пен әрбір шешімді байыппен қабылдай білу қасиеттері қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, университет пен Полиция департаментінің өзара әріптестігі білім алушыларға теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Енді студенттер алғашқы курстардан бастап құқық қорғау саласының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, тәжірибелі мамандардың кәсіби жолынан тағылым ала алады. Студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер:
тергеу қызметінің ерекшеліктерімен танысу;
салада қызмет етіп жүрген мамандар мен сарапшылардан тәжірибе алу;
кәсіби мәселелерді талқылап, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алу;
болашақ мамандығына қатысты таңдауын саналы түрде қалыптастыру.
Бүгінде студенттер арасында тергеу бағытына қызығушылық жоғары. Сондықтан тәжірибелі мамандармен тікелей байланыс орнатып, олардың кәсіби тәжірибесін зерделеу – жас мамандар үшін маңызды мүмкіндік.
Университет бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға ниетті.
Бірлескен білім беру бағдарламаларын жетілдіру;
Студенттік клубтың жұмысын жүйелі түрде қолдау;
тәжірибелік сабақтар, шеберлік кездесулері мен іс-шаралар ұйымдастыру – алдағы міндеттердің қатарында.
Меморандумға қол қою – ынтымақтастықтың басталуын айқындайтын қадам. Ал оның негізгі мәні – университеттегі білім мен құқық қорғау саласындағы тәжірибені өзара сабақтастырып, болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау.
Ортақ жұмыстың түпкі мақсаты – өз ісін жетік білетін, заң талаптарын терең түсінетін, жауапкершілігі жоғары мамандардың кәсіби ортасын қалыптастыру.
🇰🇿ҚарҰЗУ мен Қарағанды облысының Полиция департаменті арасындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасып, студенттердің кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа бастамалармен толықтырылмақ.
Жаңалықтар
КӘСІБИ МАМАН ДАЯРЛАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ӘРІПТЕСТІК
Buketov University