Жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ МАҚАЛА ДАЙЫНДАУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҒЫЛЫМИ МАҚАЛА ДАЙЫНДАУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Физика-техникалық факультетінде ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинар барысында Кингстон университетінің (Лондон) профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, Eurasian Physical Technical Journal журналы редакциялық алқасының жаңа мүшесі Константин Николаевич Волков арнайы дәріс оқыды.
Ғалым өз дәрісінде өзінің ғылыми және оқытушылық қызметі туралы кеңінен баяндап, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ғылыми үдерісті ұйымдастыру, зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылыми мақалалар әзірлеу ерекшеліктеріне тоқталды.
Сонымен қатар Eurasian Physical Technical Journal және Bulletin of the Karaganda University. Physics журналдарының бір жыл ішіндегі көрсеткіштері таныстырылып, ғылыми басылымдардың даму динамикасы талданды.
Семинарға арнайы қонақ ретінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің проректоры Б.Р. Нусупбеков қатысты.
Іс-шараға Физика-техникалық факультетінің профессор-оқытушылық құрамы, ғылыми қызметкерлері, магистранттары мен докторанттары бас қосып, ғылыми жарияланым сапасы, академиялық және жарияланым әдебі, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылыми зерттеулерде тиімді пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мұндай жиындар ғылыми орта өкілдерінің тәжірибе алмасуына және ғылыми жарияланымдарға қойылатын заманауи талаптарды талқылауға мүмкіндік береді.