Жаңалықтар

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ OPEN DAY ӨТТІ

1 мин. оқу
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ  OPEN DAY ӨТТІ

Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде талапкерлерге арналған Open Day – Ашық есік күні өтті.
Кездесуде университеттің әр факультеті арнайы көрме ұйымдастырып, білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, мамандықтардың қыр-сырын, ғылыми және шығармашылық бағыттағы жұмыстарын таныстырды. Көрме сөрелерінен факультеттердің жетістіктері, студенттердің жобалары мен тәжірибелік жұмыстары да кеңінен көрініс тапты.
Университеттің Маркетинг және рекрутинг бөлімінің басшысы Алмас Төлеуұлы білім ордасының қалыптасу тарихына, бүгінгі жетістіктеріне, халықаралық рейтингтердегі орнына, серіктестік байланыстары мен студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктеріне тоқталды. Сондай-ақ университетте білім алудың артықшылықтары мен жастардың кәсіби дамуына жасалған жағдайлар туралы кеңінен баяндады.
Ашық есік күні еркін форматта ұйымдастырылды. Оқушылар университет өміріне қатысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, интерактивті ойындарға қатысты. Белсенділік танытқан қатысушыларға университеттің имидждік сыйлықтары табысталды.
Кездесудің көркін университеттің шығармашылық ұжымдары аша түсті. Өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Open Day аясында талапкерлер бір күнге болса да университеттің тыныс-тіршілігіне етене араласып, факультеттердің жұмысымен, білім беру бағыттарымен және студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктермен жақынырақ танысты.
Болашаққа бастар жол дұрыс таңдаудан басталады. Ал бүгінгі Ашық есік күні жас түлектерге өз мүмкіндіктерін бағамдап, кәсіби бағытын айқындауға , мамандықты таңдауға бағыт-бағдар берді.