Бөкетов ұлттық зерттеу университеті мен IELTS халықаралық емтиханының ресми ұйымдастырушысы IDP IELTS Kazakhstan өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл серіктестік білім алушылар мен оқытушылардың тілдік даярлығын жетілдіруге, халықаралық білім кеңістігіне шығуына және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Меморандум аясында университет студенттері IELTS халықаралық емтиханына қатысу кезінде бірқатар жеңілдік пен қолдауға ие болады. Атап айтқанда, емтихан тапсырушыларға басымдықпен қызмет көрсету, арнайы жеңілдіктер ұсыну және қажетті ақпараттық қолдау көрсету көзделген.
Серіктестік ағылшын тілі оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыруға да бағытталған. IDP IELTS Kazakhstan сарапшылары университет педагогтерімен бірлесіп жұмыс істеп, халықаралық оқыту тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар білім беру үдерісіне озық әдістемелерді енгізуге арналған семинарлар мен тренингтер тұрақты түрде ұйымдастырылады.
«Біз үшін осындай ірі жоғары оқу орнымен әріптестік орнату – үлкен мүмкіндік әрі маңызды бастама. Ең алдымен, бұл – студенттердің дамуына және ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға қосылған үлес. Халықаралық тәжірибемізді пайдалана отырып, оқытушыларға әлемдік білім беру стандарттарын оқу үдерісіне енгізуге қолдау көрсетеміз. Мұның барлығы білікті мамандар даярлау ісіне оң ықпал етеді», – деді IDP IELTS Kazakhstan компаниясының Астана қаласы, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлері бойынша бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Айгерім Ондабаева.
Ынтымақтастық алғашқы күннен-ақ нақты іспен жалғасты. Университетке келген IDP IELTS Kazakhstan өкілдері студенттер мен ағылшын тілі оқытушыларына арнап екі практикалық семинар өткізуде. Студенттерге арналған кездесу акт залында ұйымдастырылса, педагогтерге арналған семинар кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған.
Жаңа серіктестік университет қауымдастығының ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеріп қана қоймай, білім алушылар мен оқытушылардың халықаралық академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады.
Жаңалықтар
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ IDP IELTS KAZAKHSTAN-МЕН СЕРІКТЕСТІК ОРНАТТЫ
Buketov University