Жаңалықтар

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ЖЕКЕ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

2 мин. оқу
«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ЖЕКЕ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Математика және ақпараттық технологиялар факультеті мен Физика-техникалық факультеттің бірінші курс студенттеріне «Заң мен тәртіп» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті.
Кездесуге Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жеке қауіпсіздік мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде спикер ретінде:
Сабыржан Нұриманұлы Әбудежан — қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны;
Ерден Ермекұлы Сағандықов — учаскелік полиция инспекторы;
Қуаныш Мадиярұлы — криминалдық полиция қызметкері;
Айнұр Берікқызы Әлкеева және Әділхан Шатырханұлы – кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторлар, полиция аға лейтенанттары сөз сөйледі.
Жиында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Полиция қызметкерлері студенттерге жатақханада түнгі уақытта тыныштық сақтау, есірткі мен алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың, темекі шегудің, соның ішінде электронды темекі мен вейп қолданудың зияны туралы түсіндірді.
Сонымен қатар буллингтің алдын алу, суық қару алып жүру, есірткі заттарын «жасырын қойып кету» тәсілі арқылы тарату және соңғы уақытта жиілеп отырған интернет-алаяқтық әрекеттерінен сақтану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, құқық қорғау органдары өкілдерінен нақты жауаптар мен қажетті түсініктемелер алды.
Жиын соңында қатысушыларға құқық бұзушылықтың түрлері мен оның салдарын баяндайтын тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу. Өйткені қоғамдық тәртіп пен ортақ қауіпсіздік әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады!