Жаңалықтар

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ!

1 мин. оқу
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ!

Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айдар Амангелдіұлы Бейсеев шетелдік орыс тілі оқытушылары арасындағы халықаралық кәсіби шеберлік байқауында ІІ орын иеленді.
Биылғы байқауға әлемнің 36 елінен 500-ден астам педагог қатысқан. Қатысушылар арасындағы бәсеке жоғары болды: финалдық кезеңге жолдама алу үшін әр орынға 17 үміткерден таласты. Ал Мәскеудегі А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтында өткен бетпе-бет кезеңге тоғыз елден барлығы 30 оқытушы іріктеліп алынды.
Финалға шыққан қатысушылар орыс тілін шет тілі және өзге тілді ортада оқытуға арналған авторлық әдістемелерін сарапшылар назарына ұсынып, кәсіби біліктілігі мен жаңашыл педагогикалық ізденістерін көрсетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 18 қараша күні Мәскеуде өткен VI Халықаралық Костомаров форумы аясында ұйымдастырылды. Марапаттарды Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі Елена Ямпольская мен Пушкин институтының ректоры Никита Гусев табыстады.
Айдар Амангелдіұлын халықаралық деңгейдегі байқауда жүлделі орын алуымен құттықтаймыз! Бұл – ұстаздың кәсіби ізденісі мен еңбегінің, өз ісіне деген жауапкершілігі мен білім беру ісін жетілдіруге ұмтылысының нәтижесі.
Алдағы уақытта да шәкірттерінің жетістігіне қуанып, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!
Университетіміздің оқытушыларымен мақтанамыз!