Жаңалықтар

ҚАЛАМГЕР МЕН ОҚЫРМАН ДИДАРЛАСҚАНДА: ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ӘДЕБИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2 мин. оқу
ҚАЛАМГЕР МЕН ОҚЫРМАН ДИДАРЛАСҚАНДА: ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ӘДЕБИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

20 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Филология факультетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы мен «Kitap life» оқырман клубының ұйымдастыруымен мазмұнды әдеби кездесу өтті. Басқосуға журналист, жазушы Тұрсынбек Әлиұлы, ғалым, әдебиеттанушы, ахметтанушы Ұлан Еркінбай және ақын, жазушы-тарихшы Ұларбек Дәлейұлы қатысты.
Әдеби жүздесуді профессор Кәмшат Аманбайқызы Төлеубаева жүргізді.
Кездесуде қаламгерлердің шығармашылық жолы, ғылыми ізденістері, тарихи тақырыптарға қалам тербеуі және кітаптарының жазылу тарихы сөз болды. Әңгіме біржақты баяндаумен шектелмей, студенттер мен авторлар арасындағы ашық сұхбатқа ұласты.
Жас оқырмандар қаламгерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, шығармалардың идеялық мазмұны, тарихи деректердің көркем әдебиетте қолданылуы, авторлық ұстаным мен жазу машығы жөнінде пікір алмасты. Студенттердің сұрақтарынан әдебиетке деген қызығушылықпен қатар, оқыған дүниесін саралап, тереңірек тануға деген талпыныс байқалды.
Қаламгерлер де жастардың сауалдарына кеңінен жауап беріп, шығармашылық тәжірибесімен бөлісті. Ал мазмұнды сұрақтарымен ерекшеленген студенттерге авторлар өз қолтаңбасын қалдырып, кітаптарын сыйға тартты. Осылайша, бірнеше студент сүйікті авторының қолтаңбасы қойылған кітапқа ие болды.
Кездесу соңында Филология факультетінің деканы Ә.М. Жакулаев қонақтар мен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қаламгерлерге құрмет белгісі ретінде шапан жауып, алғыс хаттар табысталды.
Мұндай жүздесулер қаламгер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, жас буынның әдебиетке, сөз өнеріне деген танымын кеңейтуге мүмкіндік береді.