19 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында дәстүрлі «Біз дарындыны іздейміз – 2026» байқауының қорытынды гала-концерті өтті.
Жыл сайын жаңа есімдерді танытып, жас өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашатын байқау биыл да мазмұнды әрі тартысты өтті. 28–30 қазан аралығында өткен іріктеу кезеңдерінде университеттің барлық факультетінен жиналған бірінші курс студенттері өз өнерлерін ортаға салып, түрлі бағыт бойынша бақ сынады.
Байқау бағдарламасы сан алуан шығармашылық бағытты қамтыды. Қатысушылар вокал, хор өнері, халық музыкасы, аспапта орындау шеберлігі, халықтық және заманауи би, театр өнері, көркем сөз оқу, авторлық өлең, фристайл және жүргізушілік өнер бойынша өзара сынға түсті. Әр қатысушы сахнада өзінің қабілетін, ізденісін және өнерге деген ықыласын көрсетуге мүмкіндік алды.
Үш күнге созылған сайыста студенттер жеке өнерімен қатар, топтық және ансамбльдік қойылымдар арқылы да шеберліктерін танытты. Әсіресе, факультеттердің бірлесіп дайындаған шығармашылық нөмірлері, ұлттық өнерді заманауи бағыттармен ұштастырған қойылымдары көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Бүгінгі гала-концертте іріктеу кезеңдерінде үздік деп танылған қатысушылардың өнері қайта ұсынылды. Көрермендер домбыраның күмбірлеген үнін, дәстүрлі ән мен күйді, заманауи музыкалық шығармаларды, әсерлі би қойылымдары мен театрландырылған көріністерді тамашалады. Сонымен қатар жас ақындардың авторлық өлеңдері мен көркем сөз шеберлерінің орындаулары кештің мазмұнын байыта түсті.
Гала концерттің негізгі бөлігінде әр номинация бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға дипломдар табысталды. Марапаттау рәсіміне университеттің шығармашылық ұжымдарының жетекшілері, Студенттер сарайының мамандары мен жауапты қызметкерлер қатысты.
Байқаудың Басты жүлдесіне Математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Бимаханбет Рахымбек Қуанышбекұлы ие болды.
Сонымен қатар шығармашылық жобаға тыңғылықты дайындалып, студенттердің өнерін шыңдауға үлес қосқан факультеттерге алғыс хаттар табысталды.
«Біз дарындыны іздейміз» байқауының мәні тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Бұл – студенттердің бойындағы өнерге деген қызығушылықты оятып, жаңа қырларын ашуға, өзіне сенімді болуға және университеттің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін маңызды шығармашылық алаң.
Байқау университеттің Жастар вокалдық студиясы мен «OYU» заманауи би студиясының бірлескен орындауындағы «Бөкетов жастары» әнімен түйінделді.
Қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтаймыз!
Жаңалықтар
«БІЗ ДАРЫНДЫНЫ ІЗДЕЙМІЗ – 2026»: ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Buketov University