Жаңалықтар

UPGRADE TEACHER — ПЕДАГОГТЕРДІҢ КӘСІБИ ДАМУЫНА ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢА ЗЕРТХАНА

2 мин. оқу
UPGRADE TEACHER — ПЕДАГОГТЕРДІҢ  КӘСІБИ ДАМУЫНА ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢА ЗЕРТХАНА

18 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Педагогика факультетінде педагогтердің кәсіби өсуіне, ғылыми ізденісіне және тың бастамаларына қолдау көрсететін Upgrade Teacher кәсіби даму зертханасы салтанатты түрде ашылды. Жаңа орталықтың тұсаукесері «Университет —ғылыми бастамалар кеңістігі» атты ғылыми-әдістемелік семинар аясында өтті.
Зертхана университетішілік ғылыми жоба негізінде құрылды. Жобаны педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Мұқанова басқарады. Бастамаға университет тарапынан 5 миллион теңге көлемінде гранттық қолдау көрсетілген.
Семинар барысында профессор Сәулеш Мұқанова университетті ғылыми ой қалыптасып, жаңа бастамалар жүзеге асатын орта ретінде дамытудың тұжырымдамасын таныстырды. Сонымен қатар зертхананың негізгі мақсаты, міндеттері мен алдағы жұмыс бағыттарына тоқталды.

Жаңа зертхананың ашылуымен факультет ұжымын ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Еркебұлан Мұратұлы Тәжбаев пен Педагогика факультетінің деканы Елдос Ерғазыұлы Түйте құттықтады. Олар мұндай бастамалардың университеттегі ғылыми ортаны нығайтып, оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Upgrade Teacher зертханасы ұстаздардың тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыс орнатуына, тәлімгерлік дәстүрін дамытуына және бірлескен зерттеулер жүргізуіне жол ашатын орта болмақ. Әсіресе жас оқытушыларға, магистранттарға, докторанттар мен ғылымға қызығушылық танытқан студенттерге бағыт-бағдар беруге басымдық беріледі.
Жобаның алғашқы нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. «Магистр мектебі» бағдарламасына 28 студент қатысқан. Жүргізілген зерттеу жастардың магистратурада білімін жалғастыруға, ғылыми ізденіске ден қоюға және тәлімгерлік қолдауға қызығушылығы жоғары екенін көрсеткен.
Зертхананың алдағы жұмысында білім беруде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, инклюзивті білім беруді дамыту, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және заманауи білім беру ортасын жетілдіру мәселелері қамтылады.
Ғылымның өрісі кеңеюі үшін ізденіске жол ашатын, ал кәсіби өсу үшін тәжірибе мен жаңашылдықты ұштастыратын орта қажет. Upgrade Teacher – осындай орта қалыптастыруды көздейтін маңызды бастама. Мұнда ұстаздың білімі толығып, жас зерттеушінің ізденісі қолдау тауып, жаңа идеялардың нақты іске айналуына мүмкіндік туады.