2026 жылдың 18–19 қарашада Астана қаласында Стратегиялық әріптестердің III халықаралық форумы өтуде. Халықаралық басқосуға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтар мен дипломатиялық корпус өкілдері жиналды.
Форумның басты мақсаты — жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, стратегиялық әріптестікті нығайту, академиялық ұтқырлық аясын кеңейту және бірлескен білім беру мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашу.
Халықаралық форумға Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің атынан:
М.М. Умуркулова – ректордың м.а;
Г.С. Тишмаганбетова – Стратегиялық даму және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры қатысуда.
Форум аясында трансұлттық білім беру, университеттердің шетелдік филиалдарының қызметі, білім сапасын қамтамасыз ету, ғылыми инновациялар, жасанды интеллект және қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік академиялық кеңістікке ықпалдасу мәселелері талқылануда.
Бағдарламаға БҰҰ, Times Higher Education, Coursera өкілдері, шетелдік жетекші университеттер мен халықаралық білім беру ұйымдарының қатысуымен өтетін пленарлық және панельдік отырыстар енгізілген.
Сондай-ақ халықаралық әріптестікті кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты дамыту, қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық ғылыми жобаларға қатысуы және әлемдік рейтингтердегі орнын нығайту мәселелеріне басымдық берілуде.
Университет өкілдерінің халықаралық форумға қатысуы шетелдік әріптестермен байланысты нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Buketov University