Жаңалықтар

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СЕМИНАР ӨТТІ

2 мин. оқу
ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СЕМИНАР ӨТТІ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасының базасында «Қазақстан Республикасының заңнамасы және діни саладағы мемлекеттік саясаттың негіздері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шараны Қарағанды облысының дін істері басқармасы ұйымдастырды. Семинарға Қарағанды қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты – діни қызмет саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу және радикалды идеологияларға қарсы іс-қимыл бағытындағы кәсіби білім мен тәжірибені жетілдіру.
Семинар барысында конфессияаралық келісімді сақтау, зайырлы мемлекет қағидаттары, ар-ождан және діни сенім бостандығы, азаматтардың діни наным-сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігі жөніндегі мәселелер кеңінен қарастырылды. Сондай-ақ дәстүрлі діннің қоғамдағы орны, рухани-адамгершілік құндылықтардың қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы маңызы сөз болды.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, заң талаптарын сақтау және жауапкершілік мәселелері де талқыланды.
Семинар барысында Философия және мәдениет теориясы кафедрасының оқытушысы Жүсіп Шұғайұлы «Дәстүрлі дін ұғымы және оның қоғамдағы орны» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының өкілдері діни саладағы өзекті мәселелер бойынша ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Кездесу тәжірибе алмасуға, өзекті сұрақтарға жауап алуға және діни саладағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.