Университеттің білім беру және ғылыми қызметіне шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында Биология-география факультетінде италиялық профессор Клаудио Колозио сабақ жүргізуде. Ол – еңбек медицинасы, қоғамдық денсаулық сақтау, токсикология және химиялық тәуекелдерді бағалау салаларында танымал зерттеуші.
Шетелдік профессордың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бағдарлама 1 қазан мен 30 қараша аралығын қамтиды. Сабақтар онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған. Мұндай тәсіл ғалымның студенттермен және факультеттің профессор-оқытушылар құрамымен тұрақты байланыс орнатуына, өзекті ғылыми білім мен халықаралық кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
9–21 қараша аралығында профессор Клаудио Колозио Биология-география факультетінде офлайн форматта дәріс оқып, практикалық сабақтар өткізуде. Ғалымның сапары аясында ғылыми кеңестер беру және зерттеудің заманауи бағыттарын талқылау да қарастырылған.
Сабақтарда қоршаған орта факторларының адам денсаулығына әсері, химиялық және кәсіби тәуекелдерді бағалау, пестицидтердің токсикологиясы, биологиялық мониторинг, сондай-ақ ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Профессор Клаудио Колозио Милан университетінде ұзақ жылдар бойы ғылыми және оқытушылық қызмет атқарған. Ол ұлттық және халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру мен үйлестіруге қатысып, ғылыми конгрестер мен семинарларды ұйымдастырған. Сондай-ақ пестицидтер мен өзге де химиялық заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау саласының білікті маманы.
Шетелдік ғалымды университеттің академиялық және ғылыми қызметіне тарту халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, білім беру сапасын арттыруға және факультеттің ғылыми байланыстарын кеңейтуге ықпал етеді.
Сабақтарға қатысушылар заманауи шетелдік зерттеулермен танысып, биология, экология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға, халықаралық сарапшының кәсіби тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік алуда.
Халықаралық ынтымақтастық – ғылымды дамытып, білім сапасын арттыру мен университеттің академиялық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды бағыты!
Жаңалықтар
ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМ БИОЛОГИЯ-ГЕОГРАФИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ САБАҚ ӨТКІЗУДЕ
Buketov University