12 қарашада Жезқазған қаласындағы Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының (ОҚАЭ) құрылғанына 80 жыл толуына орай «Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ғылыми жетістіктері және білім сабақтастығы» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Астана, Алматы, Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларынан археологтер, тарихшылар, ғылыми-зерттеу институттары мен музейлердің өкілдері, сондай-ақ өлкетанушылар қатысты.
Дөңгелек үстел аясында ОҚАЭ-ның қалыптасу тарихы мен ғылыми жетістіктері, Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасы, тас және қола дәуірлерінің ескерткіштері, ежелгі тау-кен ісі мен металлургия, Жошы ұлысы мен Алтын Орданың археологиялық мұрасы туралы баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар тарихи-археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Сарыарқа археология институтының ғылыми қызметкері Э.Р. Усманова қатысты. Ол 1977–1983 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында еңбек еткен.
Ғалымның басқосуға қатысуы зерттеушілер арасындағы ұрпақтар сабақтастығының, ғылыми дәстүрлердің жалғастығы мен отандық археология мектебінің мол тәжірибесін сақтаудың жарқын көрінісіне айналды.
Республикалық дөңгелек үстел ғылыми тәжірибе алмасуға, археологиялық зерттеулердің өзекті бағыттарын талқылауға және Қазақстанның тарихи өткенін зерделеуде Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының қосқан үлесін саралауға мүмкіндік берді.
Ғылыми жаңалықтарға, тарихи жадыны сақтауға және отандық ғылымға қызмет етуге арналған 80 жыл!
Buketov University