13 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Тарих факультетінде «Алтын Орда тарихнамасы: XXI ғасырдағы жетістіктер мен пікірталастар» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті.
Ғылыми басқосу Қазақстан, Ресей және Қытай елдерінің ғалымдарын бір алаңға жинап, Алтын Орда тарихын зерттеудің бүгінгі жай-күйі, соңғы жылдардағы ғылыми ізденістер мен тарихнамадағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Жиын аралас форматта өтіп, шетелдік ғалымдар онлайн қатысты.
Халықаралық дөңгелек үстелге Отан тарихы кафедрасының профессоры Рымбек Мұратұлы Жұмашев модераторлық етті.
Жиынның ашылуында ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е. М.Тәжбаев пен Тарих факультетінің деканы Ж.М.Кенжеғали құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми басқосудың маңызына тоқталды.
Ғылыми жиынның баяндамашылары қатарында Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты мен Ресей тарихы институтының ғалымдары Александр Кадырбаев пен Илья Зайцев, Қытайдағы Шихэцзы университетінің қауымдастырылған профессоры Чан Сяньминь болды.
Баяндамалар барысында Жошы ұлысының түркі-моңғол халықтарының тарихындағы орны, Ресейдегі Алтын Орда зерттеулерінің соңғы 25 жылдағы даму үрдістері және Қытай ғылымындағы Алтын Орда тақырыбының зерттелу бағыттары сөз болды.
Отандық ғалымдар да тарихи мұраны зерделеуге қатысты өз зерттеулерін ортаға салды. Профессор Р.М.Жұмашев Алтын Орда тарихының қазақстандық тарихнамадағы көрінісі мен тарихи мұра мәселесін көтерсе, Н.Б. Смағұлов XIV ғасырдың соңындағы Алтын Орданың геосаяси жағдайы аясында Тоқтамыс ханның саяси тұлғасына тоқталды.
Сонымен қатар докторант Әділ Мәкен 1991–2024 жылдар аралығындағы Алтын Орда зерттеулеріне библиометриялық талдау ұсынып, әлемдік ғылыми дерекқорлар негізінде қазақстандық және ресейлік тарихнаманың көрсеткіштерін таныстырды. Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин да ғылыми талқылауға қатысты.
Жиын соңында қатысушылар баяндамалар төңірегінде пікір алмасып, Алтын Орда тарихын зерттеудің жаңа мүмкіндіктері мен алдағы ғылыми ізденістердің бағыттарын талқылады.
Халықаралық дөңгелек үстел – ортағасырлық тарихты жаңа ғылыми тұжырымдар негізінде зерделеуге, отандық тарихнаманың жетістіктерін халықаралық ғылыми кеңістікке танытуға және зерттеушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды басқосу.
Жаңалықтар
АЛТЫН ОРДА ТАРИХНАМАСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ДИАЛОГ
Buketov University