Жаңалықтар

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

2 мин. оқу
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Экономика факультетінің ФН-24-2р тобының студенттері - Хасенов Саян, Еркебаева Азиза және Хан Несаим (FinUP командасы) Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне арналған «Қаржы» білім беру бағдарламасы бойынша өткен Республикалық пәндік студенттік олимпиадада I орынға ие болды. Олимпиада «Q University» мекемесінің базасында ұйымдастырылды.
Біздің студенттер университет намысын абыроймен қорғап, жоғары кәсіби дайындықтарын, аналитикалық ойлау қабілеттерін, командалық жұмыс дағдыларын және шығармашылық әлеуеттерін көрсетті. Жүлделі орындар үшін Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының қаржы бағыты бойынша білім алатын 14 командасы бақ сынады.
Олимпиада үш кезеңнен тұрды:
Бірінші кезең — «Таныстыру». Қатысушылар өз командаларын таныстырып, шығармашылық қабілеттері мен өзіндік ерекшеліктерін көрсетті.
Екінші кезең — «Жобалар байқауы». FinUP командасы «Қаржылық радар» атты жобасын ұсынып, «Банкроттықты болжамды талдау: нейрондық желілер Альтманның дәстүрлі модельдерін алмастыра ала ма?» тақырыбын қорғады. Студенттер қаржы саласындағы өзекті мәселелерді шешуде заманауи технологиялар мен аналитикалық құралдарды қолдану қабілеттерін танытты.
Үшінші кезең — «Капитандар сайысы». Команда капитаны Хасенов Саян корпоративтік қаржы, қаржылық менеджмент, инвестициялар және банк ісі салаларындағы терең білімін жоғары деңгейде көрсетті.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша FinUP командасы лайықты түрде бірінші орынды иеленді!
Саянды, Азизаны және Несаимді жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға толағай табыстар, жаңа кәсіби жетістіктер, тың жобалар мен биік белестерді бағындыруды тілейміз!
Студенттерімізді мақтан тұтамыз! Жеңістеріңіз көп болсын!