Жаңалықтар

ӨНЕРІМЕН ӨМІР ШЫНДЫҒЫН ӨРНЕКТЕГЕН КӘРІПБЕК КҮЙІКОВ

2 мин. оқу
ӨНЕРІМЕН ӨМІР ШЫНДЫҒЫН ӨРНЕКТЕГЕН КӘРІПБЕК КҮЙІКОВ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінде белгілі қазақстандық суретші, қоғам қайраткері, «АТОМ» жобасының елшісі Кәріпбек Күйіковпен кездесу өтті.
Кәріпбек Күйіковтің есімі Қазақстан шекарасынан әлдеқашан асып, әлемге танылған. Ол өзінің шығармашылығы арқылы Семей ядролық сынақ полигонының адамзатқа әкелген қасіретін, радиация зардабын тартқан жандардың тағдырын және ядролық қарудан азат әлем құру қажеттігін халықаралық деңгейде көтеріп келеді.
Кездесу барысында қонақ өмір жолынан сыр шертіп, балалық шағынан бастап, азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен жайттарды әңгімеледі. Әке тәрбиесі мен ұстаз өсиетінің өміріндегі орнын ерекше атап, білімге ұмтылудың, қандай жағдайда да мойымаудың маңызын жеткізді.
Сондай-ақ «Қолсыз өмір» атты кітабының жазылу тарихына тоқталып, бейбітшілік жолындағы елшілік қызметі мен қоғамдық жұмысының қырларымен бөлісті.
Ашық әңгіме барысында Семей полигонының тарихы, ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың қалыптасуы, антиядролық күрестің маңызы, өнердің қоғам санасына ықпалы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік кеңінен сөз болды. Студенттер мен оқытушылар көкейдегі сауалдарын қойып, қонақпен еркін пікір алмасты.
Кәріпбек Күйіковтің қылқаламынан туған әрбір туындыда ядролық сынақтардың адам тағдырына салған жарасы, ананың көз жасы, баланың мұңы мен бейбіт өмірге деген үміті қатар өріледі. Ол өз өнері арқылы адамзатқа бір шындықты ұғындырады: соғыстың да, ядролық сынақтың да зардабын жазықсыз адамдар тартады.
Кездесу қатысушылары үшін бұл жүздесу – тарихты танып, сол тарихтың адам тағдырына түсірген салмағын тереңірек сезінуге мүмкіндік берген тағылымды әңгіме болды.
Семей полигонының қасіреті – ұмытылмауға тиіс тарих. Ал ядролық қарудан азат, бейбіт әлем құру – бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да ортақ мұраты.