Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде еліміздің әр өңірінен келген болашақ заңгерлер бас қосты. Мұнда азаматтық құқық негіздері бойынша республикалық пәндік олимпиада басталып, жоғары оқу орындары мен әскери оқу орындарының студенттері мен курсанттары білім бәйгесіне түсті.
Зияткерлік сайысқа 10 команда, барлығы 50 қатысушы жиналды. Алматы, Қарағанды және өзге де өңірлердің намысын арқалаған жастар азаматтық құқық саласындағы білімін ортаға салып, заңнаманы меңгеру деңгейі мен күрделі құқықтық мәселелерді шешу қабілетін көрсетеді.
Алғашында аймақтық деңгейде ұйымдастырылған олимпиаданың ауқымы кеңейіп, республикалық деңгейге көтерілуі – білім додасына деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Бұл өз кезегінде еліміздің әр өңіріндегі заң факультеттері арасында кәсіби байланыс орнатып, жас мамандардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
БАС ЖҮЛДЕГЕ – 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ!
Биылғы олимпиаданың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге төмендегідей сыйақы табысталады:
Бас жүлде – 1 000 000 теңге;
I орын – 500 000 теңге;
II орын – 300 000 теңге;
III орын – 200 000 теңге.
Қатысушылар төрт кезеңнен тұратын сыннан өтеді. Алдымен тест тапсырмалары бойынша білім деңгейі анықталса, одан кейін азаматтық заңнаманың негізгі қағидаларын меңгеруі сараланады. Ал практикалық кезеңдерде студенттер нақты құқықтық жағдайларды талдап, заң талаптарына сүйене отырып шешім қабылдауы тиіс. Осылайша, олимпиадада теориялық біліммен қатар, оны тәжірибеде қолдану шеберлігі де таразыға түседі.
Қатысушылардың білімі мен тапсырмаларды орындау нәтижесін еліміздің тәжірибелі судьялары мен прокурорлары, сондай-ақ олимпиаданың демеуші ұйымының өкілдері бағалайды. Қазылар алқасының құрамына құқық саласының тәжірибелі мамандарының енуі сайыстың кәсіби деңгейін айқындайды.
Білім додасында Бөкетов университетінің заң факультеті атынан жасақталған команда да бақ сынап жатыр. Өзге оқу орындарының өкілдерімен қатар сынға түсетін студенттер үшін бұл – алған білімін саралап, дайындығын шыңдап, университет намысын қорғауға берілген жауапты мүмкіндік.
Заңгердің білімі заң нормаларын жатқа білумен ғана өлшенбейді. Ол – құқықтық мәселенің мәнін түсіну, әрбір деректі зерделеу, заңға сүйеніп байыпты шешім қабылдау қабілеті. Сондықтан мұндай олимпиадалар болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, білім мен тәжірибенің сабақтастығын нығайтады.
ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ:
Бас жүлде – Бөкетов ұлттық зерттеу университеті;
I орын – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
II орын – Болашақ академиясы;
III орын – Бөкетов ұлттық зерттеу университеті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Білім додасында топ жарған командаларға алдағы уақытта да толағай табыс тілеймі
Жаңалықтар
10 КОМАНДА, 50 ҚАТЫСУШЫ: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ
Buketov University