2026 жылғы 6 қарашада академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қарағанды облыстық соты және Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қою рәсіміне Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ғалым Күлекеев, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Қызылов және университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Ерлан Тәжбаев қатысты.
Меморандумның негізгі мақсаты – сот жүйесі мен университет арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, тәжірибеге бағдарланған заң білімін дамыту, болашақ заңгерлердің кәсіби даярлық сапасын арттыру және ғылыми-білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту.
Қол жеткізілген келісімдер аясында бірлескен қызметтің негізгі бағыттары айқындалды:
Заң факультеті білім алушыларының кәсіби практикадан өтуін ұйымдастыру және оған жәрдемдесу; Бірлескен ғылыми, білім беру және тәжірибеге бағытталған іс-шараларды өткізу;
Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін білім беру процесіне тарту;
Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру;
Болашақ құқық саласы мамандарының кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға және дамытуға ықпал ету;
Өзара қызығушылық тудыратын өзге де бірлескен бастамаларды іске асыру.
Кездесу барысында тараптар заң ғылымы, білім беру және сот тәжірибесінің өзара ықпалдастығын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, студенттердің кәсіби қалыптасуына қосымша мүмкіндіктер жасаудың қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Меморандумға қол қою университет пен сот органдары арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл ынтымақтастық заң білімінің сапасын арттыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі үшін жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Buketov University