Жаңалықтар

АСТАНАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ Х МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТУДЕ

1 мин. оқу
АСТАНАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ Х МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТУДЕ

Бүгін Астана төрінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайы өз жұмысын бастады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орнын нығайтуға арналған маңызды жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Құрылтай депутаттары, ғалымдар, тіл жанашырлары, қаламгерлер мен шетелдік қонақтар қатысуда.
Құрылтай жұмысына Бөкетов ұлттық зерттеу университеті атынан ректордың міндетін атқарушы М.М.Умуркулова және қауымдастырылған профессор А.Б.Жұмағұлов, аға оқытушы Н.С.Еременко да қатысуда.
1989 жылы құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ширек ғасырдан астам уақыт бойы мемлекеттік тілдің дамуына, оның қолданыс өрісінің кеңеюіне және қоғамдағы беделінің артуына қызмет етіп келеді.
Бүгінгі басқосудың өзектілігі – қазақ тілінің болашағын жаңа дәуір талаптарымен сабақтастыру. Әсіресе ғылым мен білімде, ақпарат құралдарында, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кеңістігінде мемлекеттік тілдің мүмкіндіктерін арттыру – уақыт күттірмейтін міндет.
Тіл – келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұра. Сондықтан оның өрісін кеңейту, өміршеңдігін қамтамасыз ету және заман талабына сай дамыту – баршаға ортақ жауапкершілік.