Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

1 мин. оқу
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

9 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Жастар орталығында 2-студенттер үйінде тұратын білім алушылармен кездесу өтті.
Жүздесуге әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Н.А. Жетпісбаев, Студенттер үйінің директоры Б.Б. Жұман, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры С.М. Мүбарак, сондай-ақ департамент пен Студенттер үйінің мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылардың әлеуметтік жағдайымен танысып, тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерді зерделеу, ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Нұржан Арғынұлы білім алушылармен ашық әңгімелесіп, олардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелері мен көкейде жүрген сауалдарына назар аударды. Студенттердің пікірін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша ой бөлісті.
Сонымен қатар проректор жастарға өмірлік тәжірибесінен тағылымды әңгімелер айтып, білімге құштар болу, уақытты бағалау, алға қойған мақсатқа табандылықпен жету жөнінде ағалық ақыл-кеңесін берді.
Жылы әрі ашық форматта өткен кездесу студенттерге өз ойларын еркін жеткізіп, толғандырған мәселелерін тікелей талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай жүздесулер жастардың үнін естуге, олардың бастамалары мен ұсыныстарын қолдауға жол ашады.