Жаңалықтар

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ: БӨКЕТОВ ЖАСТАРЫМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ

2 мин. оқу
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ: БӨКЕТОВ ЖАСТАРЫМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ

6 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Жаңа Конституция құндылықтарын насихаттау және ілгерілету мақсатында жастармен мазмұнды кездесу өтті.
Кездесудің арнайы қонағы – Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан. Ол студенттермен жүздесіп, білімнің қоғам дамуындағы орны, ұлттық құндылықтар және жас ұрпақтың жауапкершілігі жөнінде ой бөлісті.
Әңгіме өзегіне Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі арқау болды. Қонақ ұлы ойшылдың адамгершілік, ғылым-білімге ұмтылу, еңбек пен ізденіс туралы тұжырымдарына тоқталып, олардың бүгінгі жастар үшін маңызын түсіндірді. Сонымен қатар тіл меңгеру, білім көкжиегін кеңейту және бәсекеге қабілетті маман болу мәселелері қозғалды.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, білім беру жүйесі, жастардың мүмкіндіктері мен ел болашағына қатысты пікірлерін ортаға салды.
Басқосу соңында Ақерке Абылайхан университет мақтанышы, паражүзуден Азия чемпионы атанған магистрант Диас Кенжебекті халықаралық аренадағы жарқын жеңісімен құттықтады. Жапонияның Нагоя қаласында өткен V Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленіп, Азия рекордын жаңартқан спортшының жетістігін ерекше атап өтіп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Кездесуден кейін қонақ университеттің бірқатар нысанын аралады. Атап айтқанда, оқу ғимараттарымен, Психологиялық қолдау орталығының жұмысымен, студенттер үйлеріндегі тұрмыс жағдайларымен және студенттік емханамен танысты. Экскурсия барысында студенттердің сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына, спортпен шұғылдануына және психологиялық қолдау алуына жасалған жағдайлар көрсетілді.
Білімді ұрпақ қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың әлеуетін қолдау – ел болашағына салынған инвестиция. Ал осындай ашық кездесулер жас буынның азаматтық ұстанымын нығайтып, биік мақсаттарға ұмтылуына жол ашады.