Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОЙДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ: ЕЛДЕС ОМАРҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ

2 мин. оқу
ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОЙДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ: ЕЛДЕС ОМАРҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде қазақтың көрнекті ғалымы, Алаш қозғалысының қайраткері Елдес Омарұлының ғылыми мұрасына арналған «Елдес Омарұлының ғылыми мұрасы: қазақ ұлттық ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы сабақтастық» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Ғылыми басқосуды Қазақ тіл білімі кафедрасы ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – ғалымның ұлттық ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін зерделеп, сан салалы ғылыми еңбектерінің бүгінгі ғылым кеңістігіндегі маңызын айқындау.
Республикалық дөңгелек үстелге Астана қаласынан келген ғалымдармен қатар, Алматы және Қостанай қалаларынан бірқатар зерттеуші онлайн форматта қатысты. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Жантас Алтайұлы Жақыпов пен Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ақылбек Шаяхмет, PhD, қауымдастырылған профессор Ермұхамет Маралбек бар.
Жиын барысында Елдес Омарұлының өмір жолы мен ғылыми қызметі, архивтік деректер негізіндегі зерттеулер, Алаш зиялыларының ұлттық ғылымды қалыптастырудағы рөлі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ғылыми терминологияның қалыптасу тарихы, оның қазіргі даму үрдістері мен өзекті мәселелері талқыланды.
Қатысушылар ғалымның қазақ тіл білімі, терминология, оқу-ағарту және жаратылыстану-математикалық білім салаларындағы еңбектеріне тоқталып, оның ғылыми тұжырымдарының бүгінгі білім мен ғылым үшін құндылығын саралады. Пікір алмасу барысында Елдес Омарұлының ғылыми мұрасын терең зерттеп, оны кейінгі ұрпаққа танытудың маңыздылығы атап өтілді.
Ғылыми басқосу Елдес Омарұлының сан салалы ғылыми мұрасын тереңірек зерделеп, оның қазақ ғылымы мен білімінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жан-жақты бағамдауға мүмкіндік берді. Ғалымның тіл білімі, терминология, оқу-ағарту және жаратылыстану салаларындағы зерттеулері – ұлттық ғылыми ойдың қалыптасу тарихындағы құнды мұра. Оның еңбектерін бүгінгі ғылыми көзқарас тұрғысынан қайта қарастыру және ғылыми айналымға кеңінен енгізу отандық ғылым тарихын толықтыра түсіп, Алаш зиялыларының мол мұрасын кейінгі ұрпаққа танытуға жол ашады.