Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Филология факультетінің оқу кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесіне арналған әдеби кеш өтті.
Кездесуді филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ әдебиеті кафедрасының профессор ассистенті Азат Мақсұтбекұлы Бабашов жүргізді. Модератор шығарманың идеялық мазмұнына, көркемдік сипатына тоқталып, қатысушыларды туындының тереңіне бойлауға жетеледі.
Әдеби кешке филология ғылымдарының кандидаты, профессор Камшат Аманбайқызы Төлеубаева және Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Бибі Ерғазықызы Сыздықова қатысты. Ғалымдар повестің әдеби құндылығы, адамгершілік мәселелері мен тәрбиелік тағылымы жөніндегі ойларын ортаға салды.
Талқылауға Филология факультетінің студенттері мен «Kitap Life» клубының мүшелері белсенді қатыстя. Қатысушылар шығармадағы балалық шақтың кіршіксіз әлемі мен қатыгез шындықтың қайшылығын, адам мен табиғат арасындағы байланысты, Мүйізді Бұғы ана туралы аңыздың символдық мәнін саралады. Сондай-ақ кейіпкерлер болмысы арқылы ізгілік пен зұлымдық, мейірім мен қатыгездік мәселелеріне тоқталды.
Әдеби кездесу көркем шығарманы терең түсініп, оның көтерген мәселелерін бүгінгі өмірмен байланыстыра пайымдауға мүмкіндік берді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай басқосулар кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жастардың әдеби талғамы мен рухани дүниесін байытуға бағытталған.
Жаңалықтар
«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ»: ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВТЫҢ ШЫҒАРМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Buketov University