Жаңалықтар

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

2 мин. оқу
ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің №7 оқу ғимаратында «Тәуелсіздік тұғыры: ұлттық қауіпсіздік және ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге университеттің студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы бойынша «Басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Талғат Ыспаев пен оның орынбасары Азамат Әбетов қатысты.
 Басқосуда Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мәселелері» атты Жолдауында көтерілген өзекті мәселелер талқыланды.
Қатысушылар жастарға патриоттық тәрбие беру, тарихи жадты сақтау, Отан қорғаушылардың ерлігін құрметтеу, сондай-ақ әскери қызмет пен елдің күштік құрылымдары саласындағы мамандықтарды насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – «Басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігі мен Бөкетов ұлттық зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Құжат студенттер мен әскери қызметке шақырылуға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамытуға, болашақ мамандардың практикалық даярлығын жетілдіруге және университет пен ардагерлер ұйымы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Келісім аясында бірлескен әскери-патриоттық және әскери-спорттық іс-шаралар, практикалық сабақтар ұйымдастырылып, қоғамдық бірлестік музейіне экскурсиялар өткізу жоспарланып отыр. Студенттер туған жерден шыққан азаматтардың жауынгерлік жолымен, тәжік-ауған шекарасындағы және өзге де әскери қақтығыстарға қатысқан жерлестеріміздің ерлік тарихымен таныса алады.
Сонымен қатар «Жас Сұңқар» әскери-спорттық клубымен және Бастапқы әскери дайындық және жекпе-жек кафедрасымен бірлескен жұмыстарға басымдық беріледі. Ардагерлер ұйымының өкілдері университет ұйымдастыратын түрлі іс-шаралар мен жарыстарға да қатысады.
Меморандумға қол қою университет пен ардагерлер ұйымы арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымын жас ұрпаққа жеткізуге, азаматтық жауапкершілікті арттырып, ел тарихына деген құрметті қалыптастыруға жол ашады.
Отансүйгіштік – ел тарихын құрметтеуден, ерлер ерлігін ұмытпаудан және туған жер алдындағы жауапкершілікті сезінуден басталады!