Жаңалықтар

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

1 мин. оқу
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

2 қараша күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы М.М. Умуркулова мен әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі проректор А.С. Молдабаев университет музейіндегі жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Тарихи-мәдени кеңістікті жаңарту идеясы университет басшылығының бастамасымен 2 жыл бұрын қолға алынған болатын. Бүгінде жоба нақты іске асыру кезеңіне өтіп, жоспарланған жұмыстар белсенді жүргізілуде.
 Музей директоры Қ.А.Тұрсынбаева музейді жаңарту тұжырымдамасын таныстырып, алдағы жұмыстардың негізгі бағыттарын баяндады. Басшылық назарына музейдің жаңартылған экспозициялық кеңістігінің жобасы, залдардың орналасу үлгісі, безендіру шешімдері мен көрнекі материалдардың макеттері ұсынылды.
 Жоба аясында музейдің төрт тақырыптық бөлімі – университеттің құрылу тарихы, бейнелеу өнері, оқу орнының дамуы және факультеттер шежіресі жаңа мазмұндық әрі көркемдік шешімдермен толықтырылмақ.
 Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде музейдің ішкі кеңістігі жаңарып, университет тарихын таныстырудың заманауи тәсілдері енгізілмек. Бұл ретте білім ордасының тарихи мұрасын сақтау, көрнекті ғалымдар мен ұстаздардың еңбегін дәріптеу және университет жетістіктерін кеңінен таныту басты назарда.
Жаңарған музей – университет шежіресін жаңа қырынан танытатын, өткен мен бүгінді жалғайтын тағылымды кеңістік болмақ.