30 қазан күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Тарих факультетінде көрнекті заңгер, ел жадында әділдігімен қалған Балапан Зипатоллаұлы Әбеновті еске алуға арналған «Заң үстемдігі және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, заң саласының өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, судьялар, прокуратура және құқық қорғау органдарының ардагерлері, жас зерттеушілер мен студенттер қатысты.
Жиында университеттің Ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Е.М. Тәжбаев сөз сөйлеп, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Іс-шараның модераторы тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Н.А. Бейсенбекова болды.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Балапан Зипатоллаұлы Әбеновтің өмір жолы мен кәсіби қызметін кейінгі ұрпаққа таныту, заң саласына сіңірген еңбегін саралау, азаматтық ұстанымы мен әділдік қағидаттарын дәріптеу. Өйткені заңгердің ел алдындағы беделі кәсіби біліктілігімен қатар, заңға адалдығымен, адам тағдырына деген жауапкершілігімен де өлшенеді.
Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков онлайн форматта қатысып, Балапан Зипатоллаұлы Әбенов туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ол заңгердің елге сіңірген еңбегімен қатар, азаматтық істеріне, кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттеріне айрықша тоқталып:
«Балапанның бойындағы қазақы болмыс, кеңдік пен бауырмалдық қасиеттері қасиетті Қарқаралы топырағынан дарыған деп ойлаймын. Ол айналасына әрдайым жақсы адамдарды жинай білетін, жақсылық жасауға асық тұратын жан еді. Қандай жағдайда да көмек қолын созуға дайын тұратын, жанашырлығы мен қамқорлығын аямайтын. Оның адамдық қасиеті мен азаматтық ұстанымы әрдайым есте», – деген мазмұнда естелігін жеткізді.
Балапан Әбеновтің әріптестері мен замандастары оның кәсіби болмысы, заң алдындағы ұстанымының беріктігі, азаматтық жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері туралы естеліктер айтты. Ортақ естеліктерден оның заң саласындағы еңбегімен қатар, айналасына жасаған жақсылығы мен адамға деген жанашырлығы да айқын көрінді.
Дөңгелек үстел аясында заң үстемдігі, құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік, конституциялық құндылықтар, қазақтың дәстүрлі құқық жүйесі, Алаш қайраткерлерінің құқықтық мұрасы және қазіргі қоғамдағы заң мен тәртіп мәселелері кеңінен талқыланды.
Ғылыми баяндамаларда «Жеті жарғының» тарихи маңызы, Алаш зиялыларының құқықтық көзқарастары, қазақтың әдет-ғұрып құқығы, цифрлық ортадағы заңдық жауапкершілік, жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық қырлары және жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Жиын жұмысы бірнеше секция бойынша жалғасып, ғалымдармен қатар мектеп мұғалімдері, магистранттар, студенттер мен оқушылар да өз зерттеулерін ортаға салды.
Уақыт өтсе де, ел игілігі үшін атқарылған адал қызмет пен әділдік жолындағы табанды ұстаным ұмытылмайды. Балапан Зипатоллаұлы Әбеновтің ғұмыр жолы мен заң саласындағы еңбегі – соның айқын дәлелі. Бүгінгі басқосу тұлға туралы естеліктерді жаңғыртып, оның азаматтық келбеті мен кәсіби мұрасын кеңінен танытуға жол ашты.
Жаңалықтар
ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН ТҰЛҒА: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БАЛАПАН ӘБЕНОВТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Buketov University