Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘРІПТЕСТІГІ: БАХОДИР АЛИКУЛОВИЧ ХОЛИКОВҚА ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР АТАҒЫ БЕРІЛДІ

2 мин. оқу
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘРІПТЕСТІГІ: БАХОДИР АЛИКУЛОВИЧ ХОЛИКОВҚА  ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық байланыс ғылым мен білім саласындағы әріптестік арқылы да нығайып келеді. Соның айқын көрінісі – Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институтының өзара ынтымақтастығы.

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің өкілдері Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институтына барып, әріптестік мәселелерін талқылады. Кездесуге ректор аппаратының басшысы Г.М. Байғожина, Ғалым хатшы Н.Е. Тутинова және Шетел тілдері факультетінің деканы А.Қ.Китибаева қатысты. Университет басшылығы атынан Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы М.М.Умуркулованың ізгі тілегі жеткізіліп, қабылдаушы тарапқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтылды. Екі оқу орнының 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясындағы жұмысы нәтижелі жүзеге асуда. 2025 жылы Қарағанды университетінің 15 оқытушысы Самарқандта ғылыми тағылымдамадан өтсе, Самарқанд институтының 13 өкілі Қарағандыда тәжірибе алмасты. Сонымен қатар аударма ісі бойынша І халықаралық студенттік онлайн олимпиада ұйымдастырылды. Биыл да академиялық байланыс жалғасын тауып, магистранттардың ғылыми тағылымдамалары, оқытушылардың дәрістері мен семинарлары өткізілді. Алдағы уақытта бірлескен халықаралық монография әзірлеу, аударматану және шет тілдерін оқыту бағытындағы зерттеулерді кеңейту жоспарланып отыр.  Кездесу аясында Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институтының басшысы Баходир Аликулович Холиковқа Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Университеттің Ғылыми кеңесі қабылдаған шешімге сәйкес, құрметті профессор дипломы салтанатты түрде табысталды. Ғылым мен білім жолындағы ортақ мақсаттар екі елдің жоғары оқу орындарын жақындастырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қос университет арасындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасып, ортақ ғылыми жетістіктерге негіз бола бермек.