Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде көрнекті заңгер-ғалым, ұлағатты ұстаз, заң ғылымдарының докторы Мәжит Тайырұлы Имашевтің туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды жиын өтті. Мерейтойға арналған іс-шара аясында ғалымның есімі берілген оқу аудиториясы салтанатты түрде таныстырылды.
Мәжит Тайырұлы Имашев – отандық заң ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосып, бар ғұмырын ғылым мен білімге арнаған көрнекті ғалым. Ұстаздық жолында талай шәкірт тәрбиелеп, олардың бойына кәсіби біліммен қатар, адалдық пен адамгершілік қасиеттерін сіңірді. Ғалымның ғылыми еңбектері мен ұстаздық өнегесі бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Тағылымды кездесу «Имашев Мәжит Тайырұлы: ғалым, ұстаз» атты деректі фильмнің көрсетілімімен басталды. Фильмде ғалымның өмір жолы, ғылыми ізденістері мен ұстаздық қызметі кеңінен баяндалды.
Жиында университеттің Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы, профессор Мадина Максимқызы Умуркулова сөз сөйлеп, бұл оқиғаның, әсіресе, заң факультетінің студенттері үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа аудитория – ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық жалғасатын тағылымды білім ордасы.
«Бұл аудиторияда заңгерлік кәсіптің озық дәстүрлері бір буыннан келесі буынға жалғасады. Мәжит Тайырұлының еңбектері бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де қызмет етіп жүрген көптеген көрнекті заңгердің кітап сөрелері мен жұмыс үстелдерінен орын алған», – деді Мадина Максимқызы.
Сондай-ақ университет басшысы ғалымның есімін ардақтап, мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып жүрген отбасы мүшелеріне шынайы алғысын білдірді.
Басқосуда заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Мусиқызы Рысмағамбетова да ғалым туралы естеліктерімен бөлісті. Ал мерейтой иесінің ұлы, Нархоз университеті Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Мәжитұлы Имашев әкесі жайлы сыр шертіп, оның ғылым мен білім жолындағы еңбегіне тоқталды.
Сонымен қатар ғалымның туыстары университет кітапханасына «Имашев Мәжит Тайырұлы: ғалым, ұстаз» атты кітапты табыс етті. Бұл еңбек – көрнекті тұлғаның өмір жолы мен ғылыми мұрасын танытатын құнды дүние. Енді кітап студенттер мен жас зерттеушілерге ғалымның еңбектерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Заң факультетінің студенттері атынан сөз сөйлеген білім алушылар заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа аудитория үшін ризашылықтарын жеткізді. Мұнда олар білімдерін тереңдетіп, кәсіби дағдыларын шыңдап, болашақ заңгер ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.
Жаңа аудитория интерактивті панельмен, дыбыс күшейткіш жүйемен және оқу үдерісіне қажетті заманауи құралдармен жабдықталған. Жарық әрі жайлы оқу кеңістігі студенттердің сапалы білім алуына, ізденіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне қолайлы жағдай жасайды.
Ғалымның ғұмыры – кейінгіге өнеге, еңбегі – ұрпаққа аманат. Мәжит Тайырұлы Имашевтің есімі мен ғылыми мұрасы университет тарихында, шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады. Ал ғалым атындағы аудитория оның өнегелі жолын жас ұрпаққа танытып, талай болашақ заңгердің білім мен ізденіс жолына бағыт беретін тағылым ордасы болмақ.
Жаңалықтар
ҒАЛЫМ ЕСІМІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МӘЖИТ ИМАШЕВ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ
Buketov University