Жаңалықтар

САРЫАРҚАНЫҢ ТАРИХИ МҰРАСЫ АСТАНАДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

2 мин. оқу
САРЫАРҚАНЫҢ ТАРИХИ МҰРАСЫ АСТАНАДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Туған өлкенің тарихын тану – өткенді зерделеп, оның мәдени мұрасын сақтауға және тарихи орындардың туристік әлеуетін танытуға жол ашады.

28 қазан күні Астана қаласындағы Magsut Narikbayev University-де Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің белгілі археолог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Эмма Радиковна Усманова «Бұланты шайқасының ізімен» және «Ұлытаудың табиғи-мәдени нысандары» тақырыптарында екі қонақ дәрісін оқыды.

Дәріске университет студенттері мен Астана қаласы гидтер клубының өкілдері қатысты. Кездесу барысында Орталық Қазақстанның тарихы, археологиялық ескерткіштердің маңызы, сондай-ақ табиғи-мәдени ландшафттардың тарихи жадты сақтаудағы және танымдық туризмді дамытудағы рөлі кеңінен талқыланды.

Дәрістерде қазақ халқының тарихында айрықша орны бар Бұланты шайқасына және тарихы мен мәдениеті, рухани мұрасы сабақтасқан қасиетті Ұлытау өңіріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар табиғи ортаның тарихи оқиғаларды тереңірек тануға қалай ықпал ететінін, археологиялық мұралардың неліктен құнды екенін және туған өлкенің тарихи-мәдени байлығын туристік бағыттарды қалыптастыруда қалай пайдалануға болатынын білді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер мен туризм саласының өкілдері ғалымға көкейдегі сауалдарын қойып, елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен таныту мәселелері жөнінде ой бөлісті.

Сарыарқа қойнауында әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи орындар мен ашылмаған сырлар аз емес. Археологиялық зерттеулер еліміздің өткеніне қатысты тың деректерді анықтап, тарихымыздың беймәлім беттерін танып-білуге мүмкіндік беріп келеді. Ал осындай дәрістер ғылыми білімді көпшілікке жақындатып, тарихи мұраға деген қызығушылықты арттыра түседі.

Өйткені туған елді тану оның тарихын білуден, қасиетті мекендерін аралап, ұрпақтар сабақтастығын терең сезінуден басталады!