Жаңалықтар

ҚАРҰЗУ ERASMUS+ JEAN MONNET ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ!

ҚАРҰЗУ ERASMUS+ JEAN MONNET ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ!
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Erasmus+ Jean Monnet конкурсының жеңімпазы атанып, “Human Well-Being in Digital Societies: EU Policies and Practices” (DIGI-WELL EU) — «Цифрлық қоғамдағы адамның әл-ауқаты: Еуропалық Одақтың саясаты мен тәжірибелері» жобасын іске асыруға грант иеленді!
Жоба үш жылға есептелген және КарҰЗУ-дың Философия және психология факультеті базасында жүзеге асырылады.
Жобаның негізгі мақсаты – Еуропалық Одақтың саясатын, нормативтік тәсілдері мен озық тәжірибелерін зерделеу арқылы цифрлық трансформация жағдайындағы адамның әл-ауқаты саласында пәнаралық білім беруді дамыту.
Жоба аясында цифрландырудың әлеуметтік және психологиялық салдарына, цифрлық әл-ауқатқа, әлеуметтік тұрақтылыққа, негізгі құқықтарға, цифрлық білім беруге және жасанды интеллектіні жауапты пайдалануға ерекше назар аударылады.
Магистранттар мен жоғары курс студенттеріне арналған арнайы оқу модулі әзірленіп, енгізіледі. Жыл сайын кемінде 120 сағат аудиториялық сабақ өткізіліп, үш жыл ішінде модульге кемінде 75 білім алушы қатысады.
Оқыту барысында ЕО саясатын талдау, пәнаралық зерттеулер, кейстермен жұмыс, проблемалық оқыту, практикалық сабақтар, сондай-ақ еуропалық және қазақстандық тәсілдерді салыстырмалы талдау әдістері қолданылады.
Жоба командасы оқу-әдістемелік құрал мен ашық білім беру ресурстарын әзірлеп, MOOC онлайн-курсын дайындайды. Сонымен қатар академиялық және кәсіби қауымдастыққа арналған ашық вебинарлар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
DIGI-WELL EU жобасы – КарҰЗУ-да цифрлық трансформация саласында жүргізілген зерттеулердің заңды жалғасы.
Жоба BR21882302 «Қазақстан қоғамы цифрлық трансформация жағдайында: перспективалар мен тәуекелдер» ғылыми бағдарламасының нәтижелеріне негізделеді.
Аталған бағдарлама аясында университет командасы цифрлық әл-ауқат бойынша тренингтік бағдарламаны, дидактикалық ойынды, мотивациялық жұмыс дәптерін және цифрлық тәуекелдердің алдын алуға арналған әдістемелік материалдарды қамтитын Digital Detox кешенін әзірлеп, апробациядан өткізді.
Жаңа жоба осы практикалық және зерттеу базасын ЕО саясатын, құқықтық құралдары мен реттеу модельдерін зерделеу арқылы еуропалық өлшеммен толықтырады.
DIGI-WELL EU жобасы психологиялық, әлеуметтанулық және мемлекеттік саясат пен басқару тәсілдерін біріктіреді. Осы арқылы цифрлық трансформация технологиялық үдеріс ретінде ғана емес, адамның әл-ауқаты, әлеуметтік тұтастық, құқықтар, этика және мемлекеттік басқару сапасы тұрғысынан да қарастырылады.
DIGI-WELL EU жобасының командасы:
🔹 Анара Макатова – жоба жетекшісі
🔹 Татьяна Резвушкина
🔹 Динара Мұхамедкәрімова
DIGI-WELL EU жобасын іске асыру КарҰЗУ-дың цифрлық қоғам саласындағы зерттеулері мен білім беру бастамаларын дамытудың жаңа кезеңіне айналады.
Жоба академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, университеттегі еуропалық зерттеулерді дамытуға және еуропалық тәжірибені Қазақстан мен Орталық Азияға трансферттеуге ықпал етеді.
КарҰЗУ ұжымын айтулы жетістігімен құттықтаймыз!
Ғылым, білім және халықаралық ынтымақтастық жолындағы жаңа белестерге бірге!