Жаңалықтар

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МҰРА МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ

2 мин. оқу
АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МҰРА МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР: БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылдың 22–24 қазанында Астанадағы Назарбаев Университетінде Жаңа Жібек жолы мұрасын сақтау альянсының «Археологиялық мұраға жаңаша көзқарас және цифрлық болашақ» атты халықаралық кездесу өтті. Ғылыми басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Үндістан және Бутан елдерінің зерттеушілері қатысып, тарихи-археологиялық мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ цифрлық технологияларды ғылыми ізденісте қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Халықаралық кездесуде Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің атынан Археология және этнография музейінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты М.В. Бедельбаева, бірінші курс магистранты С. Мельник және тарих факультетінің үшінші курс студенті Д. Тебаев қатысты.
С. Мельник археологиялық материалдардың үшөлшемді модельдерін жасау үшін фотограмметрия мен Apple LiDAR технологиясын қолдану жөніндегі зерттеуін таныстырды. Ал Д. Тебаев археологиялық қазба жұмыстары кезінде мобильді фотограмметрияны пайдаланудың мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Зерттеуде шынайы кеңістікті сканерлеу технологияларының археологиялық олжаларды тіркеу мен сақтаудағы маңызы қарастырылды. Студенттің ғылыми жетекшісі – тарих факультетінің оқытушысы А.Д. Раисова.
М.В. Бедельбаева Орталық Қазақстандағы археологиялық зерттеулерді цифрлық технологиялар арқылы таныстыру тәжірибесімен бөлісіп, Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен қатар ол «Тарихи өлкетану: Сарыарқаның тарихи-археологиялық мұрасы арқылы мәдениетаралық коммуникация» атты оқу құралын таныстырды. Еңбектің авторлары – М.В. Бедельбаева, А.Н. Қалижанова және В.А. Новоженов.
Халықаралық кездесуге қатысу университет өкілдеріне отандық және шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасуға, археология саласындағы жаңа зерттеу әдістерімен танысуға және цифрлық шешімдерді ғылыми жұмысқа енгізу жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Бөкетов ұлттық зерттеу университеті ғалымдары мен студенттерінің халықаралық ғылыми басқосуға қатысуы Орталық Қазақстанның тарихи-археологиялық мұрасын тереңірек зерттеуге, оны заманауи технологиялар арқылы құжаттап, сақтауға және өңірдің тарихи құндылықтарын халықаралық ғылыми ортада кеңінен танытуға бағытталған жұмыстардың маңызын арттыра түседі.