Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің магистранты Диас Кенжебек халықаралық спорт додасында топ жарып, Азия чемпионы атанды. Жапонияның Нагоя қаласында өткен V Паралимпиада ойындарында паражүзуден бақ сынаған отандасымыз алтын медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартты.
28 қазан күні университет ұжымы жеңімпаз спортшыны салтанатты түрде қарсы алды. Экономика факультетінің магистратурасында екінші курста білім алып жүрген Диастың жеңісі – университет үшін ғана емес, бүкіл ел үшін қуанышты жаңалық.
Спортшы 100 метрге шалқалап жүзуден S10 санатында 1 минут 1,98 секунд нәтиже көрсетті. Нәтижесінде қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал оның көрсеткен уақыты Азияның жаңа рекорды ретінде тіркелді.
Әр жеңістің артында – табанды еңбек, төзім мен қайсарлық бар. Диастың бүгінгі жетістігі де талай жылғы дайындық пен мақсатқа деген адалдықтың нәтижесі. Ол мүмкіндіктің шегін еңсеріп, өзіне сенудің және бастаған істі соңына дейін жеткізудің жарқын үлгісін көрсетті. Халықаралық додада көк байрағымызды биіктен көтеруі – барша қазақстандық үшін зор мақтаныш.
Спортта жеңіске жету үшін тек күш-жігер жеткіліксіз. Оған қоса, тәртіп, төзімділік пен қиындыққа мойымау қажет. Диас Кенжебектің жеңіс жолы жастарға жігер беріп, арманына адал болуға, мақсатына табандылықпен ұмтылуға үндейді.
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ұжымы Диас Кенжебекті жеңісімен құттықтайды! Деніне саулық, білім жолында табыс, спортта толағай жетістік тілейміз. Әр додадан олжалы оралып, Қазақстанның мерейін асқақтата беруіне тілектеспіз! Жеңісті жолы жалғаса берсін!
Жаңалықтар
ДИАС КЕНЖЕБЕК – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫ!
Buketov University